-2.7 C
Шымкент
30-Қаңтар, 2025
Qazyr.kz порталы
ҚоғамСаясат

«Үкіметке жетпей жатқан бір іс бар». Нұртөре Жүсіп Үкіметтің әлсіз тұсын тап басты

Бүгін Мелекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, біраз мәселені ашып айтты. Осы ретте ҚР Парламенті Сенатының депутаты, белгілі журналист Нұртөре Жүсіп көкейге тұнған ойын ортаға салды, – деп хабарлайды Qazyr.kz.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Бұл жылдың басындағы аса қажет жиын. Елдегі экономикалық жағдай сарапқа салынды. Президентіміз «Инвесторлардың мәселесін шұғыл шешу үшін Инвестиция штабы құрылды. Соның арқасында бюрократиялық кедергілер мен құқықтық қарама-қайшылықтар жойылып, кейбір жобаларды тезірек жүзеге асыруға жол ашылды. Алайда басты мақсат – «жекелеген» проблемаларды ғана шешпей, елдегі тұтас инвестициялық ахуалды жақсарту» деді.

Біздің Үкіметке жетпей жатқан бір іс болса – осы. Әр жер, әр өңірде нәтижелі жұмыс бар. Бірақ мәселеге тұтас қарау, ортақ шешімдер қабылдау, министрліктер жұмысын бірлесе отырып үйлестіру жағы жетіспейді. Мұны Мемлекет басшысы қадап тұрып айтты.

«Инвестициялық жобаларды әзірлеу барысында ведомствоаралық үйлестіруге әлі де көп уақыт кетеді. Үкімет басы артық бюрократиядан арылып, жедел жұмыс істеуі керек», – деді Президентіміз.

Сырттай қарасаңыз Үкімет жаппай жұмылып жұмыс істеп жатқан сияқты. Апта сайын Үкімет отырысы өтеді. Премьер-Министр тапсырма береді. Шапқылап жүрген бір адам. Ал нәтиже қандай? Берілген тапсырма орындалды ма? Орындалмаса неге орындалмады? Сұрау жоқ секілді.

Тапсырмалар бар. Тиянақты орындау жағы аз. Сұрау, бақылауға алу, өз міндеттерін дұрыс атқармағандарды жауапқа тарту жағы байқалмайды.

Осы қалыппен кете берсек, бәрі жәй әшейін сөз түрінде қалады. Сондықтан «белбеуді бууға бел керек»! Жедел шешім қабылдауға Ер керек! Жауапкершілікті өз мойнына ала білу деген талап орнықса дейміз.

Осы уақытқа дейін экономиканы дамыту үшін «кластер керек» дедік. Одан кейін «инновация керек» дедік. Сосын «индустриализация керек» дедік. Қанша миллиард қаржы кетті соның бәріне!

Жауап берген біреу бар ма? Президент тағы да қайталап айтып жатыр.

«Мемлекеттік қызметшілердің құлықсыздығы және жауапкершілік алудан тайсалуы келісу рәсімдері мен шешім қабылдаудың тым ұзаққа созылуына себеп болып отыр. Мұны ашық айтқан абзал».

Құлықсыздықтан қалай құтыламыз? Жауапсыздықты қалай реттейміз? Дербес шешім қабылдауға қашан көшеміз?

Үкіметтің тағдыры ең алдымен осы сауалдарға жауап табуына тікелей байланысты болады-ау! – деді сенатор.

Ұқсас жаңалықтар

Танымал журналист Бибігүл Дәулетбекқызы дінге қатысты жазбасынан кейін,әлдекімдер қорқытып жатырғандығын айтты

Redaktor Site

Шымкентте балаларына ит-мысықтың етін ас ретінде берген,өгей әкеге қатысты қылмыстық іс қозғалды

redaktor_qazyr

Қазақстанда қамқоршылық органдарының штаты 2,5 есеге ұлғаяды

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz