Qazyr.kz порталы
Қазірэкономика

Жаңа экономикалық саясат және инвестиция тартудың тиімді механизмдері

Қазақстанның жаңа экономикалық бағыты мен инвестициялық саясаты қазіргі кезеңде ел дамуының негізгі тетіктерінің бірі болып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға инвестиция тарту және экономиканы құрылымдық тұрғыда өзгерту міндеті айқындалды.

Мемлекет басшысы атап өткендей, елдің тұрақты дамуы үшін тікелей шетелдік инвестициялар ағынын қамтамасыз ету және бизнес жүргізуге барынша қолайлы жағдай қалыптастыру қажет. Бұл ретте инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған нақты шаралар қолға алынып отыр.

2025 жылдың жеті айында негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 9,9 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,1 пайызға артты. Инвестициялар негізінен тау-кен өнеркәсібі, көлік және қоймалау, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру сынды салаларға бағытталды. Бұдан бөлек, білім беру, қаржы және сақтандыру, мемлекеттік басқару, өңдеу өнеркәсібі және экологиялық қызмет салалары да оң қарқын көрсетіп отыр. Бұл ел экономикасының тек дәстүрлі бағыттарға емес, әлеуметтік маңызы зор салаларға да капитал тарта бастағанын аңғартады.

Қазақстан инвестиция үшін қолайлы ел ретінде халықаралық деңгейде танылып келеді. Moody’s, S&P, Fitch сияқты рейтинг агенттіктері еліміздің институционалдық және саяси тұрақтылығын атап көрсетсе, биылғы тамыз айында S&P Қазақстанның рейтингін «BBB-» деңгейінде сақтап, болжамын  көтерді. Бұл шешім елдің сенімді әрі болжамды серіктес ретіндегі беделін арттыра түсті.

2024 жылы қабылданған 2029 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасы нақты мақсаттарды айқындады. Атап айтқанда, негізгі капиталға инвестиция көлемін ЖІӨ-нің 23 пайызына дейін жеткізу, тікелей шетелдік инвестицияларды $150 млрд деңгейіне тарту көзделген. Ең бастысы – инвестиция тартудың жаңа тәсілі енгізіліп, капитал салымы нақты экономикалық қажеттіліктерге қарай бағытталатын болды. Бұл тәсіл экономиканы әртараптандыруға, шикізаттық модельден арылып, өңдеу өнеркәсібі мен жоғары қосылған құнды өндірістерді дамытуға мүмкіндік береді.

Инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында бірқатар нақты тетіктер іске қосылды. Мәселен, 60 млн АҚШ долларынан асатын жобаларға 25 жылға дейін арнайы келісімшарттар жасалса, 600 млн доллардан жоғары жобаларға салық тұрақтылығының 10 жылға кепілдігі беріледі. Сонымен қатар, ұлттық цифрлық инвестициялық платформа құрылып, бүгінде онда 1 100-ден астам жоба тіркеліп, 222 мың жұмыс орны ашылды. Бұл жүйе инвесторға барлық мемлекеттік қызметтерге бірыңғай қол жеткізуді ұсынып, жобаны іске асыру процесін онлайн түрде бақылауға мүмкіндік береді.

Өңірлерде де инвесторлармен жұмыс күшейтілді. Әкімдер басшылық ететін өңірлік инвестициялық штабтар құрылып, жобаларды «кілтпен тапсыру» қағидаты бойынша толық қолдау жолға қойылды. Бұған қоса, Үкімет жанындағы инвестициялық штаб аясында $70 млрд-тан астам 137 жоба қаралып, әкімшілік кедергілерді жою және инвесторлардың құқықтарын қорғау үшін 140-тан астам түзету енгізілді.

Бүгінде Қазақстан инвестиция тартуда таргетті тәсілді қолдануда. Яғни, белгілі бір сала мен серіктеске бағытталған келіссөздер жүргізіліп, тұрақты өндірістік тізбектер құру көзделуде. Мұндай жүйелі қадамдар нәтижесінде 2025 жылдың алғашқы айларында ғана жалпы құны $17 млрд болатын 17 келісімге қол қойылды.

Өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялардың өсуі ерекше назар аударарлық. Егер 2019 жылы бұл саладағы үлес 14 пайыз болса, 2025 жылы 22 пайызға жетті. Бұл – елдің шикізатқа тәуелділікті азайтып, қосылған құнды өнім шығаруға бет бұрғанының айқын көрінісі. Соңғы бес жылда тартылған шетелдік инвестициялардың құрылымы өзгеріп, тау-кен саласына бағытталатын қаражат үлесі қысқарып, өңдеу секторы мен технологиялық бағыттарға капитал салымы ұлғайды.

Жалпы алғанда, Қазақстанның инвестициялық саясаты кешенді сипатқа ие болып отыр. Инвесторларға «жасыл дәліз» ұсынылып, барлық рәсімдерді бар болғаны бес күнде жеделдетіп өткізу мүмкіндігі берілуде. Kazakh Invest ұлттық компаниясы және invest.gov.kz порталы арқылы шетелдік бизнес өкілдері толық ақпарат пен қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша ала алады.

Осының барлығы Қазақстанның инвестициялық ортасын жаңа деңгейге көтеріп, елді Орталық Азиядағы басты инвестициялық хаб ретінде орнықтыруға жол ашпақ. Инвестициялық жобалар тек экономикалық өсімді қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және елдің технологиялық әлеуетін арттыруға ықпал етуде. Президент қойған міндеттердің жүзеге асуы – әділетті, бәсекеге қабілетті әрі орнықты Қазақстанның қалыптасуына қызмет етпек.

Ұқсас жаңалықтар

Ұстаздық – әйел адамға арналған мамандық деген түсінік неге қалыптасқан?

redaktor_qazyr

Қазақстандық семсершілер әлем чемпионатында тарихи қола жүлдеге қол жеткізді

admin_qazyr

Астананың айналасындағы ауылдар көгілдір отынға қосылуда

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz