Алматы қаласында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі біртіндеп азайып келеді. 2023 жылдың басында бұл көрсеткіш 5,6% болса, 2024 жылдың екінші тоқсанында 4,5%-ға дейін төмендеді деп хабарлайды Qazyr.kz
Қазіргі таңда Алматыда 14-тен 35 жасқа дейінгі 695,6 мыңнан астам жас азамат тұрады, бұл мегаполис халқының 32%-ын құрайды. Оның ішінде 442,3 мың — жұмыс істейтін жастар, 287,4 мың — жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері.
Жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту мақсатында Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасы бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Бұл жобалар уақытша және тұрақты жұмысқа орналастыруды, тәжірибеден өткізуді, кәсіби оқыту мен мансаптық бағыттауды қамтиды.
Осы бағыттағы басты құралдардың бірі — Jasalmaty.kz ақпараттық порталы. Бұл платформада Jobfair365 арқылы жұмысқа орналастыру мен SkillBridge арқылы онлайн оқыту қызметтері ұсынылған. Порталды 25 мыңнан астам бірегей пайдаланушы қолданған, ал 5 мыңнан астам жұмыс беруші 7 мыңнан астам бос жұмыс орнын жариялаған. Нәтижесінде, жылдың басынан бері 3,5 мыңнан астам жас тұрақты жұмыс тапты.
Сонымен қатар, Алматыда жастарды жұмысқа орналастыру бойынша кешенді қызмет көрсететін Қалалық мәнсап орталығы белсенді жұмыс істеуде. Бұрын мұндай орталықтар әр оқу орнында бөлек болса, қазір олар бірыңғай платформада жұмыс берушілермен, еңбек мобильділігі орталықтарымен және басқа да құрылымдармен біріктірілген.
2025 жылдың басынан бері , Қалалық мәнсап орталығына 7,5 мыңнан астам жас жүгінсе, олардың 5,7 мыңы жұмысқа орналастырылған. Жалпы алғанда, биыл Алматыда 9,2 мыңнан астам жас тұрақты жұмысқа орналасқан.
Мәселен, жұмыс іздеуде қиындыққа тап болған Алдияр Нұрымов өз тәжірибесімен бөлісті:
«Мен бұл орталықты бірнеше ай бойы жұмыс таба алмай жүрген кезде таптым. Мұндағы мамандар маған бағытымды анықтауға көмектесті, түйіндемені дұрыс құрастыруға кеңес берді. Соның нәтижесінде өз мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Қазір оқумен қатар жұмыс істеп, өзімді сенімді сезінемін», — дейді ол.
Осылайша, Алматы қаласында жастардың жұмыспен қамтылу көрсеткіші жақсарып келеді. Бұл — мемлекеттік құрылымдар мен жергілікті бастамалардың нәтижелі үйлесімінің жемісі.