Кеген ауданындағы көрікті Қарқара жайлауында ұлт рухын ұлықтаған «Қымызмұрындық – 2025» мәдени шарасы мен «Жолан жүйрігі» республикалық ат бәйгесі өтті. Ұлы дәстүрді жаңғыртқан думанды шараны Алматы облысы мен Кеген ауданының әкімдіктері бірлесіп ұйымдастырды деп хабарлайды Qazyr.kz
Қарқара! Бұл атау қазақ үшін қасиетті. Бұл – тарихтың таңбасын, дәстүрдің тінін, рухтың күшін бойына сіңірген қасиетті жер. Бір кездері Ұзақ пен Жәмеңке бастаған көтерілістің алауы тұтанған, Мұхтар мен Ілияс табан тіреген, Ұлы Жібек жолының жұрнағы қалған, Ұлы жәрмеңкенің ордасы болған киелі мекен. Бүгінде сол Қарқара жайлауында ұлт рухын жаңғыртқан тағы бір ұлы дәстүр қайта түлеп, халқымен қауышты. Ол – «Қымызмұрындық – 2025» фестивалі.
Жаздың жайма шуақ күнінде өткен бұл думанды шара тек ұлттық тағамды дәріптеумен шектелмей, тұтас ұлттың болмысын, баба мұрасын, қазақы қайнарын жарқырата көрсеткен мәдени іс-шара болды. Фестиваль басталған сәттен-ақ қымыздың хош иісі мен даланың жұпар ауасы аңқып, адам жанына қуаныш ұялатты.
Қымызмұрындық – халқымыздың ғасырлар қойнауынан жеткен тағылымды дәстүрі. Ол елдің ынтымағы мен берекесін арттырып, жұртты бірлікке үндейтін құнды жоралғы. Жаз шығып, жайлауға қонған шақта алғашқы биенің сүті жиналып, дәмі балдай қымыз дайындалғанда, ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты аналар, көрші-қолаң бір дастархан басына шақырылып, құрмет көрсетіледі.
Бұл – тек сусын ұсыну емес, тарих пен шежіре таралатын, өнер мен өнеге қатар өрілетін рухани шара. Қонақтар кең жайылған ақ дастарханнан дәм татып, өткен күндер мен ел тарихы жайлы сыр шертіп, ән айтып, күй тартып, көңіл көтеретін мереке. Қымызмұрындық – халқымыздың ағайын арасындағы ақ пейілін, жарасымды қарым-қатынасын, ынтымаққа негізделген бірлігін айқын бейнелейтін салт.
Фестиваль осынау асыл мұраның бүгінгі буынға қайта оралғанын көрсетті. Киіз үйлер тігілді, ұлттық тағамдар ұсынылды, қымыздың түр-түрі дәмге қойылды.
Бұл өңірде қымыздың орны ерекше. Мұндағы әр шаңырақта бие байланып, ағаш күбілерде бал қымыз пісіліп жатады. Қымыз – тек сусын емес, бұл – денсаулық, бұл – дәстүр, бұл – рух. Осы жолғы Қымызмұрындықта да сол бай рух сезілді. Көптің басы қосылды, көңіл жарасты, жоралғы жалғасын тапты.
Халқымыздың асыл мұрасы – қымызмұрындық – бірлік пен берекенің, тектілік пен тағылымның, қонақжайлық пен рухани тазалықтың нышаны. Биенің алғашқы қымызын жинап, ақсақал мен қарияны, көрші мен туысты шақырып, алқа-қотан отырып дәм татқызу – қазақтың ата-бабадан жалғасып келе жатқан ізгі жолы.
Фестивальде қымызмұрындық рәсімі тек тағам мен меймандостық емес, бүтін бір ұлттың философиясы ретінде көрінді.
«Қымыз дайындау – шеберлік емес, бұл – өмір салты, тіршілік философиясы» – деген Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің сөзінің жаны бар. Ол өз құттықтауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда айтқан: «Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар. Оны заман талабына сай жаңғыртып, барынша насихаттауымыз керек» – деген сөзімен үндестіре отырып, қымыз өндірісінің әлеуеті артып келе жатқанын жеткізді. Бүгінде облыстағы жылқы саны 268 мың басқа жетіп, бұл салаға деген сұраныс жыл санап өсіп келеді.
Ал облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым салтанатты шарада өңір басшысының ыстық лебізін жеткізе келе:
«Бүгінгі мереке – өткеніміз бен болашағымызды жалғап тұрған үлкен ұлағат. Бұл – қазақ екендігімізге мақтанатын күн», – деп атап өтті.
Аталған шараға 10-ға жуық шет мемлекеттің өкілдері, қоғам және мемлекет қайраткерлері, әдебиет пен мәдениет майталмандары, этномәдени бірлестіктер мен республикалық қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Бұл – қазақтың мәдениетіне деген халықаралық құрметтің жарқын көрінісі.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Ыдырысқызы шараның тағылымын айта келе, Кеген жерінде ұлттық мұражай салу қажеттігін алға тартты. «Ұлттық құндылық сөзбен емес, іспен дәлелденуі керек. Біз бүгін қазақтың салты мен сөз құдіреті сақталған жерде тұрмыз», – деді ол.
Ал Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов: «Қымызмұрындық – бұл менің ұрпағым бар, болашағым бар деген ұлттың мәлімдемесі», – деп ой түйді.
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан фестивальдің Қарқарада өтіп жатқанына қуанышты екенін жеткізіп, болашақта бұл шараның ауқымы ұлғайып, Қарқара жәрмеңкесіне ұласуына тілектестігін білдірді.
Фестиваль ұлттық спорт бәсекелеріне де ұласты. Биыл алғаш рет өткізілген «Толағай» алыптар сайысында Арыс қаласынан келген Азамат Мақұлбеков 150 келі тасты көтеріп, 1 млн теңге жүлдені иеленді. Қошқар көтеруден Жетісу облысынан келген Айдын Нұғыманов 120 келілік қошқарды 30 рет көтеріп, жеңімпаз атанды. Айта кетсек, бұл азамат былтыр дәл осы жайлауда 101 рет қошқар көтеріп, көзге түскен еді.
Қазақ күресінен Кегеннің палуаны Бексұлтан Әнуарбек жеңіске жетіп, 300 мың теңге иеленсе, Топ бәйге мен Аламан бәйге додасында Changan көлігіне ие болған қос шабандоз – Талғарлық Нұрислам Амангелді мен Қордайлық Мейір Дәулетбай болды. «Айбалта» атты тұлпарымен жүлдені қанжығасына байлаған Айдар Нұрмұхаметов көпшіліктің ықыласына бөленді. Ал Құнан бәйгеде қырғызстандық шабандоз Арсен Болотбеков мінген «Роки» атты тұлпар мәре сызығын бірінші кесіп, 2 млн теңге жүлдеге ие болды.
Фестиваль аясында қолөнер шеберлері мен этнографиялық көрмелер ұйымдастырылып, ақ әжелер ансамбльдері, елге белгілі өнерпаздар ән мен күйден шашу шашты. Кигіз үйде жайылған ақ дастархан, күбідегі қымыз, дала әуені – бәрі бірігіп, Қарқараны қайта тірілткен рухани алаңға айналдырды.
Қымызмұрындық – бұл ұлттың өз-өзіне қайтып оралуы. Бұл – ұмытылғанымызды еске салып, жоғалтқанымызды түгендейтін ұлы дәстүр. Қазақты қазақ ететін, тілімізді, ділімізді, салтымызды сақтайтын мұндай рухани мерекелер жиі өтіп тұрса, елдігіміз де, бірлігіміз де беки түсері анық.
«Ырыс қайда барасың?» дегенде, «Ынтымағы жарасқан елге» барамын депті. Қарқарадағы Қымызмұрындық – осы сөздің жарқын көрінісі. Халықтың көңілі даладай дархан, ниеті сүттей ақ. Береке мен бірліктің, дәстүр мен жаңғырудың, өнер мен рухтың тоғысқан сәті болды бұл. Осындай шаралар көбейіп, халқымыздың қайнарынан нәр алған рухани тіршілігі жандана берсін.
Қарқара жайлауында өткен бұл дәстүрлі фестиваль ұлт рухын жаңғыртудың символына айналғай!