Жетісу облысының құрылғанына 3 жыл толуына орай тағы 3 әлеуметтік нысан іске қосылды. Атап айтқанда, Алакөл ауданында өңірдегі үшінші Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы, Қаратал ауданында мәдениет үйі мен теннис орталығы ашылды,- деп хабарлайды Qazyr.kz
Еске салсақ, алғашқы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы өткен жылы Талдықорған қаласында, кейін Сарқан ауданында пайдалануға берілген еді. Енді осындай маңызды әлеуметтік жоба Алакөл ауданы Үшарал қаласында ашылып отыр. Бұл аудандағы 2200 зейнеткер үшін қуанышты жаңалық болды.
— Орталық қарт адамдарды мәдени, шығармашылық, спорттық және іскерлік өмірге әлеуметтендіру, олардың физикалық және психикалық денсаулығын жақсарту мақсатында іске асырылып отыр. Екі қабатты ғимараттың 1-қабатында мәжіліс залы, ас бөлме, тренажер залы орналасса, 2-қабатта дәрігер мен массажистің кабинеті, үстел ойындары мен тренажер залы, би, йога залы, ән және вокал кабинеті, тігін залы бар. Мұнда терапевт, массажист, йога мен көркем гимнастика нұсқаушылары, компьютерлік сауаттылық, ағылшын тілі, музыка және бейнелеу өнері үйірмелерінің жетекшілері жұмыс істейді. Орталықта жалпы саны 7 жаңа жұмыс орны ашылды, — дейді нысан директоры Алмат Садиев.
Орталықтың ашылуына орай жергілікті ардагерлер де өз пікірлерін білдірді.
— Белсенді өмір ұзақ өмір сүру орталығының жұмысы біздің денсаулығымызды жақсартып қана қоймай, спортпен айналысуға, қалаған ісімізбен айналысуға, жаңа машықтарды меңгеруімізге көмектеседі. Адам өмір бойы үйренеді, сондықтан жаңа дүниелерді үйренуге ешқашан кеш емес. Өзіміз үшін де, жас ұрпақтың тәрибесі үшін де заманға сай жеке тұлға ретінде үздіксіз даму пайдалы, — дейді Болатбек Нүсіпбекұлы.
Сол сияқты осы күні Қаратал ауданының екі ауылында бірдей жаңа нысан іске қосылды. Атап айтқанда Айту би ауылдық округіне қарасты Көкпекті ауылында мәдениет үйі есігін айқара ашты. Көкпекті ауылы аудан орталығынан 18 км қашықтықта орналасқан. Округте 1400-тен астам адам тұрады, соның 116-сы – жастар.
Нысанның жалпы алаңы 674 шаршы метрден асады. Бір қабатты мәдениет үйінде 250 орынды көрермен залы, сахна, сол сияқты домбыра, би, ән үйірмелеріне арналған кабинеттер бар. Мұнда 7 тұрақты жұмыс орны ашылған.
Атап өтсек, соңғы жылдарда Қаратал ауданында Ескелді, Жаңаталап, Кәлпе ауылдарында мәдениет үйлері салынып, қолданысқа берілсе, биыл Алмалы, Тастөбе, Көпбірлік ауылдарында клубтар бой көтеруде.
Ал демеушілердің көмегімен тұрғызылған, ішінде қосымша бокс залы бар үстел теннисі орталығы Кәлпе ауылында іске қосылды. Нысанда екі негізгі зал бар, біреуіне теннис үстелдері қойылса, екіншісі боксқа арнап жабдықталған.
— Бокспен айналысып жүргеніме 1 жылдай болды. Бұған дейін Үштөбе қаласындағы спорт кешеніне жаттығу үшін арнайы барып-қайтатынбыз. Бүгін өз туған ауылымызда бокс залы ашылып, қуанып жатырмыз. Енді ешқайда сабылудың қажеті жоқ, жаңа залда алаңсыз жаттығуға барлық мүмкіндік жасалған, — дейді Кәлпе орта мектебінің 10-сынып оқушысы Рүстем Бәкен.