Жетісу облысының Жыланды ауылында инженерия, робототехника және болашақ технологиялары бағытында еліміздегі ең ауқымды жастар фестивальдерінің бірі – «Zhýlandy Fest – 2025» өтті. Бұл ерекше шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 200-ден астам дарынды оқушы мен студент қатысты деп хабарлайды Qazyr.kz
Фестиваль үш негізгі бағытты қамтыды:
– Future Race – экологиялық электромобильдер жарысы,
– Zhýlandy International First Championship – халықаралық робототехника турнирі,
– Open Day – жоғары оқу орындарының жәрмеңкесі.
Көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырған Future Race жарысында қатысушылар өздері жасаған электромобильдерді таныстырып, жарыс жолына шығарды. Тек жылдамдық емес, энергия тиімділігі мен экологиялық шешімдер де бағалау критерийі болды. Жарыстың нәтижесінде:
1-орын – Bulan командасы (Назарбаев Университеті),
2-орын – ALT Alash командасы,
3-орын – BBC командасы (Назарбаев Университеті),
4-орын – Shalqar (ҚБТУ),
5-орын – Zhel Zhylandy Engineering Legion (Жыланды лицей-интернаты) иеленді.
Фестиваль аясында ұйымдастырылған Open Day жәрмеңкесінде еліміздің жетекші жоғары оқу орындары өз бағдарламаларын таныстырды. Атап айтқанда: SDU, Абай атындағы ҚазҰПУ, Алматы технологиялық университеті, С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университет, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және басқа да университеттер өз мүмкіндіктерін ұсынды.
Сондай-ақ, шараға келгендер NASA байқауының жеңімпаздарынан зымыран құрастыру бойынша шеберлік сабағына қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Zhýlandy Fest – 2025 – болашақ инженерлер мен жаңашыл жастардың басын қосқан, озық идеялар мен шабыттың алаңы болды.