Миттал Қазақстанды сабасына тез түсірді.
«ArcelorMittal» алпауытына қызмет ететін халықаралық Baker McKenzie заңгерлік фирмасы (әлемдегі №2 заңгерлік компания) Миттал Қазақстанмен Лондонда соттасса, 100% жеңетінін дәлелдей алды дейді, DALA INSIDE дереккөзі. Онымен қоймай, Миттал Ұлттық қорды бұғаттап, 4 миллиард долларды сыпырып алуға мүмкіндігі жететінін көрсеткен.
Осыдан кейін, Қазақстан Үкіметі өз риторикасын күрт өзгертіп, «Митталды ешкім қумайды, жұмысын істей береді» деген мәлімдеме жасай бастады. Елдің басқа амалы жоқ. Санкцияда отырған Северстальдің Теміртаумен айналысуға еш мүмкіндігі қалмады. Қытай металлургиялық алпауыттарының өз шикізаттары мен өндірістік қуаттары бастан асады.
Қазақстанның өзіне түк істей алмайтынын миллиардер Лакшми Миттал баяғыда-ақ білген болатын. Енді одан Үкімет өзі уәде берген өндірістік инвестицияларын құюды және қауіпсіздікті қамтамасыз етуін сұрап отыр. Бастысы — шахталарда адамдар өлмеуі керек.
Қазіргі қиын жағдайда Қазақстан Үкіметі Теміртаудағы комбинатты өз қарауына алғысы келмей отыр. Алдымен, ол үшін комбинатты Митталдан 4 миллиард долларға сатып алу керек. Құрылғылардың бәрі ескірген. Оларды жаңарту қажет. Одан кейін мыңдаған жұмысшыларға айлық төлеуі тиіс. Ол үшін болатты әлемдік нарыққа шығарып сату қажет. Машақаты өте көп. Үкімет содан қорқады.
Дегенмен де, Қазақстан жалғыз Митталға байланбас үшін, қазір оның әлемдік нарықтағы бәсекелестерін елге шақыра бастады. Митталдың негізгі бәсекелесі — Rio Tinto алпауыты бізде геологиялық барлау жүргізіп, кен тапса, сол жерге жаңа комбинат салуы мүмкін. Компанияның бас атқарушы директоры Якоб Штаусхольм Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кеше Нью-Йоркта кездесіп, осы мәселелерді пысықтап алды.
Лакшми Митталдың Қазақстандағы тарихы жалғаса бермек. Әзірге үнді миллиардеріне қызмет етемін деп 100 отандасымыз өлді. Енді қаншасы көз жұмады? Ол жағы белгісіз.