Qazyr.kz порталы
ҚоғамПайдалы кеңестер

Отбасылық кризистен қалай шығу керек?

QAZYR.KZ:
Кез-келген қыз отбасын құрған кезде барлығын ертегідегідей елестетеді.Неше түрлі киноны, клиптерді көріп «ертең үйленеміз, мен күйеуімді таңғы асқа бетінен сүйіп оятамын, жұмысқа шығарып саламын. Кинодағыдай бәрі керемет болады, бал айына барамыз» деп қиялдап,шынайы өмірді қабылдау қиынға түседі.

Енді, әрине,әркімнің өз қалауы, жоспары болады ғой, ешкім тұрмысқа шығарда, үйленерде жамандықты ойламайды. Бірақ көп әйелдің қателігі осы идеалды сценарий бірнеше жылдар бойы қайталанады деп санауында.

Алғашқы айлар мен бір жарым жыл көлемінде барлығы біз қалағандай болуы мүмкін. Бұны «конфетно-букетный период» деп атайды. Бір-бірлеріңізді аялап,ұрыс-керістен алыс боласыздар. Үшінші жылға таяп қалғанда сіз білмейтін, ұнамайтын мінездері, қылықтары шыға бастайды.

Бұл кезді психологтар «3 жылдық кризис» немесе«қызғылт көзілдіріктің шешілуі» деп атайды. Бұны байқаған әйелге басқа ойлар келе бастайды.«Менің күйеуім өзгеріп кетті», «Бұрын ондай емес еді», «Күйеуімнің сезімі суып кетті», «Жұрттың жолдасы әйеліне сыйлық береді», «Егер мені жақсы көрсе, гүл сыйлауы керек қой» т.с.с. ойлармен күйеуін басқалармен салыстыра бастайды.

Әркім махаббатын өзінше білдіреді.
Біреу сыйлық жасап, романтикаға жақын болады, сезімін күнделікті сөзбен айтып отырады, ал біреу сөзбен мүлде айтпай, тек қамқорлығымен көрсетеді. Ер адам сізді қатты жақсы көріп тұрса да гүл сыйламауы мүмкін. Оған көптеген факторлар әсер етеді. Әкесінің анасына деген қарым-қатынасы, тәрбиесі, достарынан естіген мынадай әңгімелері; «Әйелді еркелетпеу қажет, гүлді тек анаңа сыйлауға болады» немесе туысқанының үйінде болып жатқан жағдай, яғни ол үйде күйеуі әйеліне қымбат сыйлықтар, гүл береді, ал әйелі күйеуінің «басына шығып кеткен» және т.б. себептер бар. Оның сыйлық немесе гүл бермеуі жақсы көрмейді деген мағынада емес. Ер адам «әйел адамға гүл беруге болмайды» деген түсінікті өзіне бір рет қалыптастырса, өмір бойына есіне сақтап қалады.

Ол түсінікті өзгерту қиын, бірақ мүмкін. Ер адам махаббатын қалай көрсететіні жайлы бөлек тақырыпқа жаздым, мұқият оқып шығыңыз!Сонымен, отбасылық кризис дегеніміз не? Одан қалай шығамыз?

Кризис отбасыда емес, әйелдің миында
басталады. Ерім мені түсінбейді, сыйламайды, қабылдамайды деп ойлағанда әйелдің миында бірден отбасылық кризис
басталады. 3 жылдық кризис, тіпті, бір жылдан кейін де бола алады, немесе 10 жыл өткеннен кейін де болуы мүмкін. Бұл екі жұптың психологиясына, «ожидание-реальность»жайлы көзқарасына, отбасы жайлы ойына тікелей байланысты.Сіздерден ештеңені жасырмай, бір сырымды айтайын.Осы жайлы кітапта жазамын деп ойламаған едім, бірақ барынша ашық болсам, сіздер де мотивацияға толып, әлі де кеш емес, бәрі де мүмкін екенін түсінетін шығарсыздар деген оймен бар тәжірибеммен бөліскім келді.Менің отбасылық кризисім тұрмысқа шыққаннан кейін 1-2 ай өткенде басталды. Біз ата-енеден бөлек тұрдық, мен студентпін, бос уақытым өте көп. Бұл дағдарысқа дейін алғашқы ай өте керемет өтті. Кешкілетіп шығып, қыдырып, көп уақытты бірге өткізіп жүрдік. Бос уақытым көп болған соң менің фокусым күйеуіммен бірге болуға бағытталатын. Көп жерден естіген сөздеріңізді айтайын, адаммен күнде көп уақыт бірге өткізсең, қызығы кетеді екен, шаршайды екенсің, және миың жақсылықты көргісі келмей, фокусын минустарға бағыттайды екен. Күнде сүйікті бәлішіңізді жей берсеңіз, 1 айға жетпей-ақ бәлішіңіз сүйікті болмай қалады ғой, тым тәтті, әрі тым майлы сияқты көріне бастайды, шаршайсыз да, оған қарағыңыз келмей кетеді.

Адамның миы қарым-қатынаста да осындай күйді кешіреді екен. Күнде күйеуіме фокусымды арнаған сайын, менің миым одан шаршай бастады. Шаршаған нәрседен тезірек арылу үшін минустарды ғана көре бастады. Бәлішті тым тәтті, тым майлы деп көре бастағандай, күйеуім мен үшін тым еріншек, ұйқыбас, потенциалы жоқ адам сияқты өзгеріп жатқандай көрінді. Ал біздің миымыз ойлағанның бәріне сырттан дәлел іздейді. Бұл ойларымды мақұлдағандай, күйеуім азанда жұмысқа кешігіп шығатын,кейін мүлдем жұмысынан шығып кетті, ал бос күндері басталғанда оны түсінуге, сыйлауға тырыспадым және оның шешімін мүлдем қабылдағым келмеді. Кешігіп келген адамға даналықпен көңілімді жеткізудің орнына,минустарын айтып, тізе бердім. Менде күйеуімнің намысына тисем, ол ойланып, ұялып өмірін өзгерте бастайды деген ой болды. Бірақ, керісінше, ол түсінгісі келмейтін әйелінен қаша бастады. Күнде таңға дейін достарына кетіп, азанда келгенде тағы ренжіп «қанша күн осылай жүресің?» деп ашық айтатынмын. Бұл біздің арамызды мүлдем алшақтатып, сансара сияқты кризистен шығу мүмкін емес еді. Күйеуім мендегі реніш, ашу үшін,намысына тие бергенім үшін күндіз-түні үйден қашатын,қырсығып жұмыстан безетін, ал мен «ол үйде болмады,маған көңіл бөлмеді, өтірік айтты» деп тағы тиісетінмін.Ерім үйде көп уақыт болуы үшін, жұмысқа ынтасы болу үшін не істеу керек, маған көңіл бөлгісі келу үшін не істеу керек деген сұрақтар мені мүлдем мазаламайтын.

Менің бар ойым күйеуімді кінәлау еді. Оның маскасы шешіліп, бұл өмір әділетсіз сияқты болып, күйеуім шынымен кінәлі көрінді, себебі, ол үйлі еркек, тек қана отбасын ойлау керек деп ойладым.
Оны аңдыған сайын менің күмәнімді ақтайтын. «Мені тексеретініңді білемін, әдейі саған осыны істеймін,қоймаймын» деген еді. Күнде құрбыма хабарласып,күйеуімнің жат қылықтарын тізіп айтып беретінмін, алқұрбым күнде ажырасу жайлы ойларды миыма құя беретін.

Содан кейін «отбасыны қалай сақтасам екен?» деп емес,«қалай ғана осындай адаммен бірге тұрып жатырмын?»деген ойлар көбейе бастады. Үйдің атмосферасы бұзылғалы күйеуімде депрессия басталды. Үйде жүрсе қабағы ашылмайтын, мен де көңілсіз жүрем. Енді татуласайын деп бәрі жақсы сияқты болғанда қолым қышып, телефонын ақтара бастаймын. Содан көңілім түсіп, қайтадан сол сансараға екеуміз түсіп кететінбіз.

Тұрмысқа дейін ұрыспайтын, тек жылы сөйлеп, еркелетіп,маған асығатын күйеуімнен түгі қалмады. Жыласам,«спекталь қоймашы» деп жасыма мән бермей, ұрысса қатты дауыспен сөйлейтін адам пайда болды. Үнсіз қалсақ,жұмсақ сөйлесем, күйеуім соған үйреніп кетеді деп қорқып басымнан сөз асырмай, жеңуге тырысатынмын. Мен онымен жарыса бастағанда ол да ерегісіп, мені басындыра берді. Ол «Әйелдік қасиетің жоқ, әйел сияқты болсайшы,әйелдік орныңды біл» дейтін, бұл сөздерді сол уақытта кемсіту деп қабылдағанмын, бірақ қазір сол нағыз менің қателіктеріме бағытталғанын түсініп тұрмын. Біздің дағдарыс — менің әйелдік рөлден шығуымнан басталған еді.

Бірнеше ай өткен соң, тіпті жарты жыл өтті ғой деймін,бұлай ұзақ жалғаса берсе отбасымыздан ештеңе қалмайды деп ойлана бастадым. Менде таңдау болды, ажырасып кету немесе көну, барлығын қабылдау және өзімді өзгерту.Осының бірін таңдау үшін маған сезімді емес, миды қосу керек болды. Егер ажырассам, ата-анамның алдында ұятқа қаламын, және ертеңгі күні өкініп қаламын деген ой болды.

Ал өзгерсем, мүмкін бәрі жақсы болып кететін шығар,мүмкін ол да өзгереді деген үмітім болды. Тіпті, ол өзгермесе де мен қолымнан келгенін жасадым деп ажырасуға өкінбес едім.

Мен таңдау жасадым! Барлық жұптарда бет перделері шешіліп, бір-бірінің минустарын көру, түсінгісі келмеу,өзіңді идеал санау, басқаның өзгеруін талап ету, өзіңді жертва сезіну, сен бәрін жасап тырысатын сияқтысың,бірақ ешкім оны көрмеуі, бағаламауы сияқты кезеңнің болатынын түсіндім.

Ең бірінші жасаған амалым- Жаратушыдан пана сұрау,Аллаға дұға ету. «Иә, Аллаһым, сынақ болса, жеңілдетші.

Күйеуіммен арамызға мейірім орнатшы, сен жүректерді басқарушысың! Күйеуімнің жақсы жақтарын көруге, өз кемшіліктерімді көруге көмектесші. Қай жерден қателік жібердім, енді арамызда махаббат болу үшін не істеуім керек, маған бағыт берші, сен бәрін реттеушісің ғой, сен бәрін білушісің!» деп дәл осылай күнде жатарда дұға етіп жүрдім. Бұл менің ең алғашқы өзгеруге қадамым, әрі қарай енді әрекет ете бастадым.Өзімнің қателіктерімді ойладым:
• Күйеуім мені түсінгенін қалаймын, мен оны
түсінуге тырысып жүрмін бе?
• Күйеуім мені сыйлағанын қалаймын, ал мен оны себепсіз сыйлап жүрмін бе?
• Күйеуім мені қабылдағанын қалаймын, ал мен ше?

 

Сабира Нұрпейсқызы

Ұқсас жаңалықтар

Акция аясында тұрғындар өз еріктерімен полицияға 100 атыс қаруын тапсырды

redaktor_qazyr

Түркістанда мәуліт кеші аталып өтті

redaktor_qazyr

Ұзақ жылдан соң табыстырған заман

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz