Qazyr.kz порталы
Қоғам

Серік Қалиев: Ораза

Оразаны сөз етіп шулап адам,
«Ден саулыққа пайда!» деп уралаған.
Саулықты емес, бауырлар, сауапты ойлап,
Әуелі ниетіңді туралап ал.

Дейтін болсаң: «Дінімде нық тұрамын!»
Бұлғақтатпай нәпсіңді бұқтыра біл.
Ораза – оттан қалқан Тозақтағы,
Қалқаныңның сайлап ал мықтырағын.

Шайқаспасақ бір Хаққа сыйынып ап,
Шайтан жығар бізді бір шиырып-ақ.
Оразада түк емес су мен тамақ,
Сөз бен көзден тыйылу қиынырақ!

Ашпағандар шариғи сауаттарын,
Ертең қалай бермекші жауаптарын?
Рамазанды ұйқымен өткізгендер,
Түсінде ғана алар сауаптарын.

Иманды жүзге ғана шырай тұнар.
«Отыз күн оразаның бір айты бар».
Құдайдан үмітсіз жан далбасалап,
Құлқыны мен нәпсісін Құдай қылар.

Рамазан қаперсізге құр өтеді.
Момынға сансыз сауап күретеді.
Жасаған жақсы амалы себебінен,
Жандырып күнәларды күл етеді.

Рамазан – Құран айы, мүбарак ай.
Болайық әрбіріміз ғұламадай.
Құранға бойлап еніп, шым батайық,
Сыртынан сырғи өтіп, сығаламай.

Арайлап атады деп таңдар аман,
Мен қалай аңқаусынып алдана алам?
Оны мен естен жиі шығарсам да,
Мені ұмытпас әкемді алған ажал.
Алладан бұйрық алып жетіп келсе,
Қарамас көз жасына сорғалаған.
Еркелеп, еркінсінген шіркін дәурен
Жоғалып күні ертең-ақ жолда қалар.
Барымды бүгінгі күн қарыштайын,
Бұл бәлкім болар менің соңғы оразам…

Ұқсас жаңалықтар

Үш облыста су тасқынының екінші толқыны қаупі төніп тұр

redaktor_qazyr

Шымкентте туысын басынан арматурамен ұрып,дәретханаға тастап, шұңқырды бетонмен толтырып, үстіне шағын сарай тұрғызған

redaktor_qazyr

1 мамырдан бастап кімдер қоғамдық көлікте тегін жүре алады?

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz