Qazyr.kz порталы
БілімРуханият

Гүлнар Демеуова

Бақыт деген күнделікті таң атқан,
Көзіңді ашып шартарапқа қаратқан.
Бақытың сол – түнде жатқан ұйқыдан,
Аман-есен ояндырса Жаратқан.

Бақыт деген ата-ананың аманы,
Бақытына балайтұғын баланы.
Жатса-тұрса перзентінің қамын жер,
Қабыл болар дұға-тілек амалы.

Бақыт деген бауырыңның бүгіні,
Аман болып, оңды болса күтімі.
Бақыттысың ажырамай берекең,
Бауырлардың түзу шықса түтіні.

Бақыт деген сәбиіңнің тәтті үні,
Уайымсыз, қайғы-мұңсыз шат күні.
Ата-ананың қамқорлығын сезінсе,
Еселенер бақыты мен шаттығы.

Бақыт деген жайнаған қос жанарың,
Кереметін көру дархан даланың.
Бақыт деген тұла бойдың саулығы,
Сергек сезім, тұнықтығы сананың.

Бақыт деген Алла берген өмірің,
Өзгелерге демеу болар өр үнің.
Бақыт сені айналсоқтап кете алмас,
Тау суындай таза болса көңілің.

Ұқсас жаңалықтар

Алғашқы ұшақ қашан пайда болды?

redaktor_qazyr

Қазақстан тарихы тест

Redaktor Site

Алматыда «Ұлы Жібек жолымен – 2025» ХІІІ Халықаралық кітап және полиграфия көрмесі ашылды

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz