Qazyr.kz
БілімМәдениет

Ажырасу туралы баллада

Жасқа толып жүрегі, жаны жасып,
Безді ме екен басынан бағы қашып?!
Бауырына басатын жан қалмапты,
Ауылына келгенде ажырасып…

Елге қайтпай, қалада жүріп көрді,
Кешірер деп үй-іші үміттенді.
Қыз боп шыққан үйіне кеше ғана,
Келіншек боп сопайып кіріп келді…

Ол өкінді, ауылға бекер келіп,
Жұрт күлетін сияқты мекерленіп.
Жүре алмады еркінсіп, күле алмады,
Туған үйі кеткен бе бөтен болып?!

Қашқан жандай адасып ормандағы,
Бұрылатын бір жаққа жол қалмады.
Еркелетпес әкесі баяғыдай,
Анасы да айналып-толғанбады.

«Ұрысса да, ұрса да күйеу бала…
Болу керек күйеуің — біреу ғана!»
Ашуланып, ашынып сөйлеп жатыр,
Өз қызына жамандық тілей ме ана?!

Хал сұрауға келіпті құрбылары,
Мас сияқты, ішкен бе, жынды бәрі.
Сериалдан көргенін қосып айтып,
Сегіз қатын сыртынан жыр қылады.

Осы қызды мақтайтын ел әуелі,
Ар-намысы бәрінен жоғары еді.
Болғаны ма ең сорлы бейшарасы,
Қызы еді ғой ауылдың ең әдемі?!

Жұрттың сөзі жүйкесін қажалады,
Жек көргендей о, неге жазалады?!
Ішіп алған жездесі жұбатқан боп,
Жамбасынан сипалап, мазалады…

Осы ма енді көретін күні мәңгі?!
Бір ажалдан ол бүгін тірі қалды.
Күшігінен өсірген «Алабайы»,
Көйлегінің етегін жұлып алды!

Адамдар-ай, о, неткен қатал бәрі,
Қатты болып кеткен бе апам дағы?!
Өлейін деп ойлады бүгін түнде,
Төсегінде дөңбекшіп жата алмады…

Жын басқандай, әуреге түсті жаны,
Қара бұлттай жан-жақтан қысты бәрі.
Атын атап ауылдың жігіттері-ай,
Терезенің түбінен ысқырады…

Төсегіне біреу кеп күбірлей ме?
«Шай ішейік, тұра ғой, күнім?!» — дей ме?
Жігіттердің жаңағы ысқырғаны,
Үйіндегі шәйнектің үніндей ме?

Сандырақтап атырды-ау таңды мына,
Тәубе деді ол сосын тағдырына.
…Ояна сап күйеуін сүйіп алды,
Түсі екен ғой осының барлығы да…

Qazyr.kz

Ұқсас жаңалықтар

Әділ Ботпанов

Redaktor Site

Қазақстан тарихы тест

Redaktor Site

Қадірі жоқ құрбылардың қастағы

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Бұл веб-сайт тәжірибеңізді жақсарту үшін cookie файлдарын пайдаланады. Сізге бұл жақсы деп есептейміз, бірақ қаласаңыз, бас тартуыңызға болады. Қабылдау Толық оқу

Құпиялық және cookie файлдары саясаты