Qazyr.kz порталы
БілімРуханият

Түңілу

Бездім мына қаланың тірлігінен,
Қырық қабат үйінен, түрлі үнінен:
Есалаңдай еліріп соқтығысқан
Машинасы, адамы – жынды кілең.

Жұмыс барсаң, жиналыс, жалған ұран,
(Бір жеңілдік адамға бар ма бұдан?).
Құжынаған кезектер деміктірер
Бірін-бірі итеріп жан-жағынан.

Бездім Айды жасырған аспанынан,
Табанымды талдырған тастарынан:
Алыс-беріс — өмірдің басты мәні,
Адамдарда дүние, ақша – жыр, ән.

Көкірегінен шер-түтін будақтаған,
Өртенуден, Күн жеуден тулақ – далам.
Мен өзім де жанашыр қасиеттен
Тамыры кепкен теректей қурап барам.

Айла білмес кеңдікте мен түлегем,
Жаным таза, жасымнан дертім — өлең.
Жалғыз арман – жатаған үйім болса,
Төбесін күн, табанын жер тіреген.

Жалаңаяқ жер басып, тұлпар мініп,
Атты ұмытқан тақымды бір талдырып,
Орман кезіп, құс тыңдап, үйге оралсам,
Кетер еді жанымнан қылқан күдік.

Қажып біттім қаланың тұрмысынан,
Рақатсыз тірлігі – кіл қысыр ән.
Тегі жермен жарасым тапсам ғана
Жанарымнан, жанымнан мұңды ұшырам

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан тарихы тест

Redaktor Site

Тұрағұл Абайұлы

Redaktor Site

Күнде көңілді жүрудің қағидалары

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz