Qazyr.kz порталы
БілімРуханият

Жесір күйі

Күні құрсын жесірдің күйеуі жоқ,
Күйеуі жоқ –
Сенімді сүйеуі жоқ.
Келмейді де тұрады көңіл күйім,
Домбырадай тұрақты тиегі жоқ.
Біреу шертіп кетеді дыңғырлатып,
Біреу желпіп өтеді сыңғырлатып.
Сонда-дағы келмейді көңіл күйім,
Қала берем қаншама түнді ұрлатып.
Біреу жөнсіз қағады салдыратып,
Біреу тартқан болады балбыратып.
Сонда-дағы келмейді көңіл күйім,
Кеткендерін білмейді жан жылатып.
Алғанынша қолына төзім кетіп,
Біреу тартқан болады безілдетіп.
Ойламайды бірақ та ол байғұс та,
Әсер ете алмасын сезімге түк.
Енді біреу домбыра ұстамаған,
Тиек жасап, қалам да ұштамаған.
Аласұрам жынданып кете жаздап,
Төзу қиын осындай тұста маған…
Адам қайда жанымды түсінетін?
Түсінетін – Сабама түсіретін?
Қайран менің қаршыға күйеуім-ай!
Күйлерімен керемет құс ілетін…
Әр жүректің жалғыз-ақ жүйесі бар,
Тілін ұқса, тек қана иесі ұғар.
Басқаларға бағына бермейтұғын
Домбыраның қасиет-киесі бар.
Иең қайда?
Ақтаршы,
Домбыра, сыр.
Адам еді айрықша ол бір асыл.
Енді бүгін еріккен еркектерді
Қақпағыңа қонжита қондырасың.
Сенің де жоқ ең алғаш үйренгенің,
Менің де жоқ ең алғаш үйленгенім.
Бұрынғыша шалқытсаң күйлер легін,
Тағы да бір балқыта билер ме едім?

Ұқсас жаңалықтар

Түркістанда мәуліт кеші аталып өтті

redaktor_qazyr

Мағжан Жұмабаев — қазақ тілі

redaktor_qazyr

Қазақстан тарихы тест

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz