Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында «Теңге ілуден» алтын медалді жеңіп алған Монтайтастық чемпионды ауылдастары мен округ әкімі құшақ жайып күтіп алды.Бұл туралы QAZYR.KZ тілшісі хабарлайды.
Астана қаласында 2024 жылдың 8-14 қыркүйек айында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына, әлемнің 89 елінен 2500-нан астам спортшысы қатысып, 21 түрлі спорттан бақ сынасты.
Осы сайыста Түркістан облысының намысын қорғаған спортшы Бақыт Төлтай «Теңге ілуден» Жеті құт стильінде өнер көрсетіп,алтын медалді жеңіп алды.
Чемпионды ауыл мейрамханасында қошеметпен күтіп алды.Онда Монтайтас ауылдық округінің әкімі Ербол Ахметов және әкімдік қызметкерлері,11 жыл білім берген ұстаздары мен сыныптастары,мәдениет үйінің бас директоры мен биші қыздары,ауыл ақсақалдары мен ақжаулықты әжелер,туған-туыстары құшақ жая қарсы алды.
Айта кетейік,V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысқан еліміздің спортшылары 114 медальмен көш бастап тұр. Оның 43-і алтын, 34-і күміс және 37-сі қола жүлде.
Екінші орынды Қырғызстан құрамасы еншіледі. Қырғыз спортшыларының қоржынына 65 медаль түсті. Оның 19-ы алтын, 21-і күміс, 25-і қола жүлде. Үшінші орынды иеленген Ресей құрамасында 12 алтын, 10 күміс, 25 қола медаль.
Сонымен қатар,Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған 6-шы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Қырғыз елінде өтетінін жариялады.
Қазір QAZYR.KZ тілшілері Монтайтастық чемпионға аудан әкімдігінен қандай сый-сияпаттар бар екендігі туралы анықтап жатыр.