Түс – біздің ағзамыздағы ең бір беймәлім процестердің бірі. Бір қарағанда, ұйықтап жатқан кезде адам ағзасындағы қозғалыс толықтай тоқтайтындай көрінеді, алайда біздің миымыз бұл кезде өте белсенді жұмыс істеп жатады. Ұйқы кезінде денеміз өз күшін қалпына келтіріп қана қоймай, түс көріп те үлгереді. Түс көру кезінде біздің ағзамызда не болып жатады? Неліктен біз түс көреміз? Оның мәні неде? Осы сұрақтардың жауабын іздеп көрелік.
Ұйқының екі түрі бар: «жылдам» және «баяу». Баяу дегеніміз – қалыпты, қарапайым ұйқы болса, жылдамы – түс көретін ұйқы.
Бәрі «баяу ұйқыдан» басталады. Мұндай ұйқы 4 кезеңнен тұрады және олардың әрқайсысында ағзамызда түрлі өзгерістер орын алып отырады. Мәселен, бірінші кезеңде ұйқыға кету процесі жүреді: қалқып бара жатқандай әсерде боламыз, кейде селк ете қаламыз. Физиологиялық тұрғыда бұлшықет белсенділігінің төмендеуінен және көздің баяу қозғалуынан көрініс табады. Екінші кезеңде терең емес ұйқы келеді. Бұл кезеңгі ұйқы уақытының жартысынан астамы кіреді. Осы уақытта жүрек соғысы баяулап, дене температурасы төмендейді. Сондай-ақ бұлшықет белсенділігі одан әрі азаяды. Үшінші және төртінші кезеңдерде терең ұйқы келеді: ағзаның физикалық тұрғыда демалуының негізгі кезеңдері. Терең ұйқы болмаса адам шаршаңқырап оянады. Физиология деңгейінде қанның бұлшықеттерге баруы, бойды өсіру гормондарының бөлінуі секілді процестер жүреді. Осындан соң «жылдам ұйқы» келеді. Адам тек осы кезеңде түс көреді.