Шымкентке жүргізуші куәлігін алуға кетіп, із-түссіз жоғалып кеткен 20 жастағы жігіт іздестірілуде.Бұл туралы Qazyr.kz тілшісі хабарлайды.
14 қаңтар күні Түркістан облысы Ордабасы ауданы Бөген ауылынан Шымкентке көлік жүргізу куәлігін алуға келген 20 жастағы Бәйдібек Ақмырзаұлынан он күн бойы еш хабар жоқ. Туыстары оның жоғалғанын байқап, құқық қорғау органдарына жүгінген.
Бейнебақылау камераларының жазбаларынан жас жігіттің соңғы рет аялдамада қоғамдық көлік күтіп тұрған сәті анықталған. Кейбір мәліметтер бойынша, ол автобусқа мінген болуы мүмкін. Алайда одан кейінгі әрекеттері туралы ешқандай дерек жоқ.
Жоғалған жігіттің туыстары мен жақындары оны табу үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыруда. Еріктілер мен полиция қызметкерлері іздеу жұмыстарына қосылған. Әзірге іздеу шаралары еш нәтиже берген жоқ.
Туыстарының айтуынша, ол ешқашан ұзақ уақыт бойы байланыссыз қалған емес. Сондықтан бұл жағдай оларды қатты алаңдатып отыр.
Егер сізге осы оқиғаға байланысты қандай да бір ақпарат белгілі болса, жақын жердегі полиция бөлімшесіне немесе «102» нөміріне хабарласуыңызды өтінеміз. Әрбір дерек жас жігітті табуға көмектесуі мүмкін.