Астана мәдениет басқармасының экс-басшысы Болат Мажағұлов 8 жыл 6 айға сотталды,деп хабарлайды Qazyr.kz тілшісі.
Астана қаласының мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген айыппен 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Тергеу деректеріне сәйкес, ол 2016 жылы Есіл өзеніндегі «Күн» субұрқағының құрылысы кезінде мемлекет қаржысын жымқырған.
2016 жылы елордада экс-президенттің туған күніне орай ашылған «Күн» субұрқағы бастапқыда қаланың сәнін келтіретін ерекше нысан ретінде танылған. Алайда, 2017 жылдан бері ол жарамсыз күйге түсті. Жобаның құрылысында сапасыз материалдар пайдаланылғандықтан, субұрқақ тез істен шыққан. Сонымен қатар, мемлекеттік сараптамадан өтпеген және жобалық-сметалық құжаты болмағаны анықталды.
Тергеу нәтижесінде бұл жоба салық төлеушілерге 500 миллион теңгеден астам шығын келтіргені белгілі болды. Ал сот барысында Болат Мажағұловтың 1 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырғаны дәлелденді.
Тергеу аясында экс-шенеуніктің атына тіркелген 3 коммерциялық үй-жай, 2 автотұрақ және премиум-класты ғимараттағы пәтерге ауыртпалық салынды.
Сот үкімі бойынша, Болат Мажағұлов 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, іс бойынша тағы бір айыпталушы, мердігер ұйым өкілі Мәди Қанапина 3 жыл 6 айға сотталды.