Qazyr.kz порталы
АймақБасты ақпаратЖаңалықтарҚазірҚоғам

Жетісу облысында Наурызды мерекелеу аясында 240-қа жуық іс-шара өткізіледі

Жетісуда Наурызнама онкүндігін мерекелеу аясында облыс көлемінде 240-қа жуық түрлі іс-шаралар өткізу жоспарланған. Атап айтқанда, өңірде 5 мыңға жуық ағаш көшеттері отырғызылады, қайырымдылық және экологиялық акциялар, әлеуметтік марафондар өткізіледі, концерттер, спорттық жарыстар, көрмелер ұйымдастырылады, сол сияқты 60 отбасына жаңа үйлердің кілті беріледі. Бұл ретте отбасы институтын, ұлттық мәдени дәстүрлер мен құндылықтарды насихаттауға ерекше көңіл бөлінбек, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мәліметінше, Наурызнаманың жалпыұлттық онкүндігі аясында өңірдегі Наурыз мерекесі бүкіл елдегідей 14 наурызда «Көрісу – Амал мерекесімен» басталып, 23 наурыз «Тазару күнінде» ауқымды экологиялық акциямен түйінделеді.

«Жалпы өңірде биыл түрлі бағыттағы 234 іс-шара өткізіледі. Мысалы, Мәдениет және ұлттық дәстүр күні аясында Жетісу облысында алғаш рет бір мезгілде 300 баланың «тұсауын кесу» рәсімі атқарылады. «Шаңырақ» күнінде облыс орталығында 60 отбасы жаңа баспанаға ие болады. «Ұлттық киім күні» Талдықорғанның орталық алаңында ұлттық киімдер шеруі, сондай-ақ М.Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану мұражайында «Кимешек» көрмесі ұйымдастырылады. Оған қоса жалпы облыс бойынша ұлттық киімді және оның пайда болу тарихын насихаттауға бағытталған түрлі челлендждер, кездесулер өткізіледі. «Ынтымақ күні» мерекесі «Наурыз керуені» ауқымды шеруімен айшықталады. Наурыз мерекесінің кең көлемде, жаппай бұқаралық сипатта атап өтілетін күні — 22 наурыз. Бұл басты мереке Талдықорған қаласының «Жастар» саябағында мерекеленіп, биылғы жылдың мерейтойлық даталарына арналған тақырыптық көрмелер қойылған 20-дан астам киіз үй тігіледі», — делінген басқарманың хабарламасында.

Жалпы Наурыздың құрметіне мерекелік безендіруге ерекше көңіл бөлінбек. Мәселен, Талдықорған қаласының орталық алаңында «Алтыбақан» әткеншегі, киіз үй кейпінде ауқымды инсталляция орнатылады, сондай-ақ жарық шамдарымен безендіру жаңартылады. Жалпы Талдықорған қаласы, аудан орталықтары, өңірдің қалалары мен ауылдары Наурызды, көктем мезгілін бейнелейтін түрлі шағын сәулет нысандарымен, сондай-ақ мерекелік баннерлермен, жалаушалармен безендіріледі. Сонымен қатар, көгалдандыру жұмыстары аясында биыл өңірде 120 мың көшет, оның ішінде Наурыз мерекесі күндері 5 мың көшет отырғызу жоспарланған.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ұқсас жаңалықтар

ШҚО-да жеті студенттік ассамблея ашылды

admin_qazyr

Астана қаласының мектептерінің біріне Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың есімі берілді

redaktor_qazyr

Монтайтас ауылдық елді-мекенде қандай байланыс операторлары бар?

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz