2025 жылғы 17 мамырда Шығыс Қазақстан облысындағы Шалқар көлінің көрікті жағасында жазғы туристік маусымның ресми ашылу рәсімі өтті деп хабарлайды Qazyr.kz
Іс-шараның басты мақсаты — өңірдің табиғи байлығы мен туристік әлеуетін кеңінен насихаттау, ішкі туризмді дамытуға серпін беру.
Қарағайлы орман мен тау жоталары қоршаған Шалқар көлі — Сібе көлдер жүйесінің ең көркем орындарының бірі. Қазіргі таңда мұнда 21 демалыс базасы жұмыс істейді. Жалпы сыйымдылығы — 2349 орын мен 558 нөмір. Туризм саласында 68 адам тұрақты, ал 31 қызметкер маусымдық негізде еңбек етеді. Соңғы жылдары бұл аймаққа туристердің қызығушылығы едәуір артқан: 2023 жылы көлді 15 600 адам тамашаласа, 2024 жылы бұл көрсеткіш 20 774 адамға жеткен. Туристер қатарында шетел азаматтары да бар.
Маусымның ашылуына орай ұйымдастырылған мәдени-спорттық бағдарламада концерттер, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, жебемен ату, атқа, түйеге және баггиге міну секілді белсенді шаралар өтті. Сонымен қатар, «TOR ALTAI» демалыс базасына дейін жаяу экскурсия, «өмір соқпағы» бағытымен серуен және белгілі зерттеуші Б.В.Щербаковтың таныстырылымы көпшіліктің қызығушылығын оятты.
Келушілер үшін этноауыл ұйымдастырылып, онда ұлттық тағамдар ұсынылды, қолөнершілер жәрмеңкесі мен салт-дәстүр көрмелері өткізілді. Кеш соңында жұлдызды аспан астында өткен жастар дискотекасы мерекенің сәнін келтірді.
Жазғы маусымның ашылуы — тек қана демалыс маусымының басталуы емес, бұл өңірлік туризмді, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған маңызды бастама. Шалқар көлі табиғатты, мәдени мұраны және салауатты өмір салтын бағалайтындар үшін ерекше тартымды мекен екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.