Qazyr.kz порталы
Қазірэкономика

Ұлттық банк өкілі теңге бағамының неге құнсызданып жатқанын айтты

Қазақстан Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова теңге бағамының әлсіреуінің негізгі себептерін атады, деп хабарлайды Qazyr.kz.

Қазіргі таңда теңге бағамы шамамен 544–545 теңге аралығында қалыптасып отыр. Бұл жыл басынан бері ұлттық валюта шамамен 3,8%-ға, ал шілде айының басынан бері 4,9%-ға құнсызданғанын көрсетеді. Маманның айтуынша, мұндай динамика негізінен нарықтық, соның ішінде маусымдық факторлармен байланысты.

«Фундаменталды жағдайлар теңгенің әлсіреуін негіздемейді», – дейді Әлия Молдабекова. Оның сөзінше, мұнай бағасы барреліне шамамен 70 АҚШ доллары деңгейінде сақталып тұр. Сондай-ақ әлемдік нарықта АҚШ долларының басқа валюталарға шаққандағы құны әлсіреуде.

«Валюталық нарықтағы теңгерімге ұзақмерзімді әсер ететін сыртқы күйзелістер байқалмайды. Сондықтан қазіргі айырбас бағамы фундаменталды тұрғыдан алғанда төмен бағаланған», – деді ол.

Молдабекованың айтуынша, қазіргі уақытта теңгеге қысым көрсетіп отырған негізгі себептер – бюджеттік шығыстардың артуы және импортқа төлемдердің көбеюі. Әсіресе, жабдықтар мен автокөлік секторындағы шығындар артқан.

Сонымен қатар, ірі компаниялардың шетел биржаларында орналастырған депозитарлық қолхаттары бойынша дивиденд төлеуі де валютаға сұранысты күшейткен. Бұдан бөлек, жаз мезгілінде тұрғындардың шетелге шығу саны артқандықтан, жеке тұлғалардың да валютаға сұранысы өседі.

«Осының бәрі теңге бағамының маусымдық әлсіреуіне себеп болып отыр. Мұндай ауытқулар уақытша әрі қалыпты нарықтық жағдай», – деді спикер.

Спекулятивті факторларға келсек, қазіргі кезде олардың айтарлықтай ықпалы жоқ. Дегенмен Ұлттық банк валюталық нарықты мұқият бақылап отыр. Қажет жағдайда валюта интервенциясын жүргізіп, артық ауытқуларға жол бермейтінін айтты.

Қазіргі таңда елдің халықаралық резервтері 52,2 млрд АҚШ долларын құрап отыр. Бұл қаржы теңге бағамын тұрақтандыруға жеткілікті. Сонымен бірге, квазимемлекеттік сектор субъектілерімен де валюта сатуды арттыру бағытында жұмыс жүргізілуде.

«Жақын арада квазимемлекеттік сектордағы бір компания шетелдік инвесторлардан тартылған қарыздың едәуір бөлігін валюта түрінде сатып, нарықты тұрақтандыруға үлес қосады», – деп қорытындылады Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

 

 

Ұқсас жаңалықтар

Премьер-министр Олжас Бектенов Қызылорда облысында Президенттің сумен жабдықтау және су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша берген тапсырмаларының орындалу барысын тексерді

admin_qazyr

Ержан Ертаев Қостанайдың энергетика жүйесін тексерді

admin_qazyr

Вконтакте,телеграм бағдарламаларын жасаған программист Павел Дуров Францияда қамауға алынды

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz