Қазақстанда шағын және орта бизнесті қолдау бағытында жаңа қаржыландыру тетіктері енгізілмек. Осы мақсатта жеңілдікпен несиелеудің жаңа бағдарламасы әзірленіп жатыр деп хабарлайды Qazyr.kz
Қазіргі таңда Қазақстанда кәсіпкерлікті қолдаудың кешенді бағдарламасына бірқатар маңызды түзетулер енгізілуде. Бұл түзетулер портфельдік субсидиялау тетігін және «Даму» Қоры базасында кепілдік қорлары арқылы кепілдіктер беруді қамтиды. Ең басты жаңалық — шешім қабылдау өкілеттіктерінің тікелей екінші деңгейлі банктерге берілуі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаментінің директоры Дарын Әбдуәлі айтып берді.
Бұл жаңашылдық кәсіпкерлердің өтінімдерін қарауды жеделдетіп, бизнес-бастамаларды іске асыру қарқынын арттыруға жол ашады. Сонымен қатар, «Даму» қорының базасында кепілдік қорларын құру бойынша негізгі жұмыс аяқталған. Бұл тетік 7 млрд теңгеден басталатын ірі инвестициялық жобалармен қатар, осы сомадан төмен шағын және орта бизнеске де қатысты болмақ. Жаңа жүйе нақты сектордағы кәсіпорындарды несиелеуге банктердің қаржысын тартуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, экономикалық өсімді жандандыру мақсатында жаңа қаржыландыру бағдарламасы енгізілуде. Бұл бағдарлама аясында шағын және орта бизнес субъектілеріне жылдық 12,6% мөлшерлемемен несиелер ұсынылады. Қаржы қоса қаржыландыру шарттарымен екінші деңгейлі банктер арқылы беріледі. Бір қарыз алушыға немесе өзара байланыстағы тұлғалар тобына берілетін несиенің ең жоғарғы лимиті — 7 млрд теңге.
Жаңа бастамалар аясында қаржылық емес қолдау құралдары да сақталады. Дарын Әбдуәлінің айтуынша, биыл ақпараттық-консультациялық қызметтер, сервистік қолдау және «іскерлік байланыстар» құралы белсенді түрде жалғасады. Бұған дейін бұл бағыт бойынша 15 мың сервистік қызмет көрсетіліп, 135 мыңнан астам консультация берілген. Қолдау бухгалтерлік және салықтық есеп, заңдық сүйемелдеу, бизнес-жоспарлар дайындау, қаржыландыру құралдары бойынша кеңес беруді қамтиды. Бұл қызметтер Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары және www.g4b.kz онлайн-порталы арқылы ұсынылады.
Жаңа бағдарламалар мен түзетулер кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасап, олардың бизнес жобаларын іске асыру мүмкіндігін арттырады.