Алматы қаласының индустриялық аймағында қайта өңделген макулатура негізінде қағаз бен картон шығаратын жаңа зауыттың құрылысы басталды. Жалпы құны 37,1 млрд теңгені құрайтын бұл инновациялық жоба еліміздің қайта өңдеу саласындағы ең ірі бастамалардың бірі болмақ деп хабарлайды Qazyr.kz
Болашақ зауыттың басты артықшылығы – шикізат ретінде екінші рет пайдалануға жарамды макулатураны қолдану. Бұл табиғи ресурстарды үнемдеуге, экологиялық жүктемені азайтуға және қалдықтарды тиімді кәдеге жаратуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік деңгейде қолдау тапқан жоба аясында жаңа өндірістік кешеннің құрылысы мен қолданыстағы зауыттың жаңғыртылуы көзделген. Өндірістік желі гофрлеу қағазы, гофрленген картонның тегіс қабаттарына арналған картон және гипсокартонға арналған қаптау картонын өндіру көлемін айтарлықтай арттырады.
Құрылыс-монтаж жұмыстарына 12 млрд теңге бөлінсе, жоғары технологиялы жабдықтар мен арнайы техниканы лизингке сатып алуға 25,1 млрд теңге қарастырылған. Жоба шеңберінде масса дайындау қондырғылары, қағаз жасау машиналары, ағын суларды тазарту жүйелері мен экологиялық стандарттарға сай қазандықтар орнатылады.
Қаржыландыру «Жасыл даму» кәсіпорнының утилизациялық төлемдерден жинаған қаражаты есебінен жүзеге асырылып отыр. Бұл қаржы Өнеркәсіпті дамыту қорына бағытталып, ол өз кезегінде жобаны іске асырушы «KZ Recycling» ЖШС-не жылдық 3% мөлшерлемемен 15 жылға, екі жылдық жеңілдік мерзімімен заем береді.
Жоба аясында жүздеген жаңа жұмыс орындары ашылып, экологиялық жағдай айтарлықтай жақсарады. Сонымен қатар, Қазақстанның халықаралық «жасыл» нарықтағы позициясы нығая түспек.
Айта кетейік, «KZ Recycling» ЖШС – макулатура жинау бойынша Қазақстандағы ғана емес, Ресейдің бірнеше қалаларында да кең өкілдік желісі бар жалғыз отандық компания.