Qazyr.kz порталы
АймақҚазір

Жетісу облысында жаңа халықаралық әуежай салынады

Премьер-министр Олжас Бектенов Skyhansa компаниясының тең құрылтайшысы және директорлар кеңесінің мүшесі, доктор Кристин Грётцбахпен кездесті. Кездесуде «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы маңында жаңа жүк және жолаушылар әуежайын салу жобасын іске асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Qazyr.kz.

Жоба «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында (АЭА) жүзеге асырылады және ICAO халықаралық ұсынымдарына сәйкес үш кезеңнен тұратын авиациялық инфрақұрылым құруды көздейді.

Бірінші кезеңде 2027 жылға дейін:

Сағатына 50 адамды қабылдайтын жолаушылар терминалы салынады (2032 жылға қарай өткізу қуаты сағатына 500 адамға дейін артады);

Жылына 200 мың тоннаға дейін JET A-1 жаңа түрдегі авиаотын сақтайтын қойма іске қосылады (2032 жылға қарай көлемі 550 мың тоннаға дейін ұлғаяды);

Жүк терминалы мен теміржол тұйығы жылына 50 мың тонна жүкті өңдей алады (2032 жылға қарай – 250 мың тоннаға дейін).

Келесі кезеңдерде, 2032 жылға дейін туристік және ойын-сауық инфрақұрылымын да дамыту жоспарланған. Жалпы инвестиция көлемі шамамен 250 млрд теңгені құрайды.

Жоба мультимодалды Air–Rail–Auto-Air жүк тасымалын дамытуды және Азия-Тынық мұхиты аймағы бағытындағы көлік және логистикалық маршруттардың түйіскен жерінде жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашуды көздейді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру жұмысы аясында көлік-логистика саласын басым бағыттардың бірі ретінде атап өтті. Жетісу облысында заманауи әуежайдың салынуы инфрақұрылымды дамытуға тың серпін береді және еліміздің Қытай, Орталық Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік хаб ретіндегі рөлін күшейтеді», — деді Премьер-министр Олжас Бектенов.

Skyhansa компаниясының тең құрылтайшысы доктор Кристин Грётцбах әуежай жобасы тек авиация саласын ғана емес, бүкіл өңірдің заманауи логистикалық және іскерлік орталыққа айналуына жол ашатынын айтты.

 

Ұқсас жаңалықтар

Шымкентте «Ең адал» деп танылған полицей 7 жылға бас бостандығынан айырылды

redaktor_qazyr

Тамара Дүйсенова Президенттің көмекшісі болып тағайындалды

admin_qazyr

Астанада ІІМ Басқару академиясы ашылды

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz