Qazyr.kz порталы
АймақҚазірэкономика

BYD электробустары Алматыда құрастырылады

Алматыда экологиялық таза көлік өндірісі дамуы мүмкін. Бұл бастама қаланың көлік жүйесін жаңғыртып, экологияға зиянды шығарындыларды азайтуға бағытталған маңызды қадам болмақ.Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мен Орталық Азия бойынша BYD компаниясының басқарушы директоры Айван Цао кездесу өткізді, деп хабарлайды Qazyr.kz.

Кездесуде мегаполисте BYD электробустарын шығару жоспары талқыланды. Атап айтқанда, Түрксіб ауданындағы «Астана Моторс» компаниясының коммерциялық техника шығаратын қолданыстағы зауыты базасында өндіріс іске қосылмақ.

Жоба кезең-кезеңімен іске асырылады: алғашқы кезеңде ірі тораптарды құрастыру жүзеге асырылса, кейіннен дәнекерлеу, кузовты бояу және жекелеген компоненттерді өндіру жолға қойылады. Бұл қадамдар қаланың өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, көлік жүйесінің энергия тиімділігі мен экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Жоба аясында BYD-тың жетекші үлгісі — Blade аккумуляторы шассиге тікелей орнатылған B12 электробусы шығарылады деп жоспарланып отыр. Мұндай құрылым көліктің беріктігін арттырып, қауіпсіздігін күшейтеді, жүріс қашықтығын ұзартып, энергия тұтынуды азайтады. Blade Battery — әлемдегі ең қауіпсіз аккумуляторлардың бірі ретінде мойындалып, 10 жылдық кепілдікпен беріледі.

«Экологиялық таза көлікті дамыту — Алматы үшін стратегиялық басымдық. Электробус өндірісін жергілікті деңгейде іске қосу қаладағы зиянды шығарындыларды азайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, өнеркәсіптік базаны нығайтуға мүмкіндік береді», — деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.

Ресми деректерге сәйкес, бүгінге дейін BYD әлемнің 400 қаласында 110 мыңнан астам электробус жеткізген. Олардың қатарына АҚШ, Еуропа елдері, Азия, Латын Америкасы мен Африка мемлекеттері кіреді. Қазақстан мен жалпы Орталық Азия өңірі қытайлық өндіруші үшін ашық инвестициялық ахуалы және экологиялық көлікке деген сұраныстың өсуі арқылы тартымды нарық саналады.

Алматыда BYD электробустарын өндіру орталығының ашылуы еліміздің «Жасыл экономика» тұжырымдамасын жүзеге асыруға және тұрақты қалалық мобильділікті қалыптастыруға өз үлесін қоспақ.

Ұқсас жаңалықтар

Жетісу облысында жаңа қант зауытын салу туралы инвесторлармен келісім жасалуда

admin_qazyr

Нұрлан Ұранхаев Абай облысының әкімі лауазымынан босатылды

admin_qazyr

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КОЛЛЕДЖДЕРДЕ ДИПЛОМДАР QR-КОД АРҚЫЛЫ БЕРІЛЕ БАСТАДЫ

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz