Маңғыстау облысының 1000-нан астам жасы «Жарқын Болашақ» бағдарламасының арқасында еліміздің үздік оқу орындарында тегін білім алып, өз армандарын жүзеге асыруға мүмкіндік алды деп хабарлайды Qazyr.kz
2022 жылы басталған білім беру жобасы биыл да жүздеген түлекке жаңа белестерге жол ашып отыр. Аталған жоба 12-22 жас аралығындағы жастарға мектеп пен колледжде тегін білім алуға жағдай жасап, олардың кәсіби және тұлғалық дамуын көздейді. Биыл бағдарлама аясында 78 оқушы мектепті, ал 88 студент колледжді бітіріп шықты. Олар Астана, Алматы, Көкшетау, Қарағанды, Өскемен, Петропавл, Павлодар және Тараз қалаларындағы беделді оқу орындарында түрлі мамандықтарды игерген. Бағдарлама аясында жастар 100-ден астам мамандықтың ішінен өздеріне ұнаған саланы таңдай алады. Мәселен, биылғы түлектердің таңдауы туризм, аударма ісі, бағдарламалау, педагогика, менеджмент, құқық және басқа да бағыттарға түскен.
Жоба «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен Samruk-Kazyna Trust қорының қолдауымен және Bilim Foundation ұйымының ұйымдастыруымен жүзеге асып келеді. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының өкілі Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, балаларды жаңа қалаға жіберу ата-аналар үшін үлкен жауапкершілік болғандықтан, бағдарлама аясында ата-аналармен тығыз байланыс орнатылған. Әрбір грант иесіне арнайы координатор бекітіліп, қажет жағдайда қосымша сабақтар ұйымдастырылады.
«2022 жылдан бері 1 247 бала тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Ал биылғы оқу жылында Маңғыстау облысының әр өңірінен тағы 571 бала грант иегері атанып отыр. Балалар еліміздің 11 ірі қаласында орналасқан 60 колледж бен 5 мектепте оқып жатыр. Олардың оқу ақысы ғана емес, жатақханасы, тамағы мен жол ақысы толықтай төленіп, стипендия да беріледі», — дейді Гүлшара Әбдіқалықова.
Бағдарлама түлектерінің арасында өз арманына қанат қаққандар да аз емес. Мәселен, жаңаөзендік Жүсіп Жетгенбай мүсін өнерін алғаш рет осы бағдарлама арқылы меңгеріп, бүгінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының грант иесі атанды. Ол болашақта Ақтауда мүсін өнері мектебі мен музей ашуды мақсат етіп отыр.
Samruk-Kazyna Trust қорының бас директорының орынбасары Досбол Көшербаевтың айтуынша, бағдарлама жастарға өз жолын табуға үлкен мүмкіндік беруде. «Қазірдің өзінде 40-қа жуық бала электротехника, автоматтандыру, авиация және тау-кен ісі сынды жұмысшы мамандықтарды таңдады. Олардың бәрі ертең елдің дамуына өз үлесін қосады деп сенеміз», — деді ол.
«Жарқын Болашақ» бағдарламасы – мыңдаған жастың сапалы білім алып, өз болашағын жарқын етуіне ашылған мүмкіндік.