Qazyr.kz порталы
Қазір

Қазақстан авиациясын дамытуға $2,9 млрд инвестиция тартылады

Қазақстанда авиация саласын дамыту және ұлттық жүк авиатасымалдаушыны құру мәселесі бойынша Үкіметте арнайы жиын өтті деп хабарлайды Qazyr.kz

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің авиациялық хаб ретіндегі рөлін күшейту жөніндегі тапсырмаларын орындау барысы талқыланды.

Cоңғы жылдары елде 20 ұшу-қону жолағы мен 19 терминал қайта жаңғыртылып, Түркістанда жаңа әуежай салынды. Биыл әуе кемелері паркі 16 ұшаққа толықпақ, оның алтауы сатып алынған. Жалпы алғанда, 2030 жылға дейін флот 221 ұшаққа дейін көбеймек. Сонымен қатар, 2025 жылы 36 жаңа әуе бағытын ашу және жаңарту жоспарда бар.

Көлік министрлігінің дерегіне сәйкес, 2025 жылдың бірінші жартысында отандық авиакомпаниялар 7,2 млн жолаушы тасымалдаған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға артық көрсеткіш. Әуежайларда жолаушыларға қызмет көрсету көлемі де артып, 14,4 млн адамға жеткен.

Жиында жүк авиакомпаниясын құру мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл жоба әлемдік жүк авиатасымалы нарығының өсіміне сай қолға алынуда. Қазіргі кезде әлемде жылына шамамен 57,7 млн тонна жүк әуе арқылы тасымалданады, оның 15%-ы Қазақстан әуе кеңістігі арқылы өтеді.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, халықаралық тәжірибе негізінде бастапқы кезеңде үш ұшақ жалға алынып, кейіннен флот он бірлікке дейін кеңейтіледі. Алғашқы жүк рейсін 2026 жылдың басында іске қосу жоспарланып отыр.

Үкімет басшысы жүк авиатасымалдаушыны құру бойынша дайындық жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды аймақтағы жетекші авиациялық хаб ретінде дамыту міндетін қойды. Әуежай инфрақұрылымын және ішкі тасымалдарды дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жүк авиатасымалдаушыны құру транзиттік жүк ағындарын Қазақстанға бағыттап, біздің нарықтағы орнымызды нығайтуға мүмкіндік береді, — деді Премьер-министр.

Жалпы алғанда, алдағы жылдары авиация саласына $2,9 млрд көлемінде инвестиция тарту жоспарланған. Бұл қаржы жаңа әуежайлар салуға, ұшу-қону жолақтары мен терминалдарды жаңғыртуға және арнайы техника паркін жаңартуға жұмсалады.

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар

Президент Тоқаев Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдады

redaktor_qazyr

Жамбыл облысында полицей суға кеткен қызды құтқарып қалды

redaktor_qazyr

АЭС туралы тұрғындардан сұхбат алған «Орал апталығы» газетінің бас редакторы Тамара Еслямованың басы дауға қалды

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz