Қазақстан Ұлттық банкі шілде айында теңгенің күрт әлсіреуінің алдын алу үшін 125,6 млн АҚШ долларын валюта нарығына интервенция ретінде шығарды. Бұл туралы қаржы реттеушісі өз есебінде мәлімдеді деп хабарлайды Qazyr.kz
Ұлттық банк мәліметінше, шілде айының қорытындысы бойынша теңге долларға шаққанда 4%-ға құнсызданып, 1 доллар үшін 540,72 теңге деңгейіне дейін әлсіреді. Ал KASE-дегі жалпы сауда көлемі 5,7 млрд долларды құрады.
Сондай-ақ өткен айда Ұлттық қордан 700 млн доллар сатылған. Бұл қаражат республикалық бюджет тапшылығын жабуға және «Талдықорған – Үшарал» газ құбыры жобасын қаржыландыруға бағытталған. Тамыз айында қордан тағы 400–500 млн доллар сату жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, 290 млрд теңгеге балама көлемде валюта «айнаша сату» аясында іске асырылады.
— 30 шілдеде валюта нарығындағы өтімділіктің өте төмен деңгейі мен алыпсатарлық қысымның артуы аясында Ұлттық банк 125,6 млн доллар көлемінде интервенция жүргізді. Бұл шешім нарықтағы спекулятивті белсенділікті азайтуға және қажетті өтімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, — делінген ресми хабарламада.
Айта кетейік, шілде айында Ұлттық банк Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры үшін қосымша 35 млн доллар сатып алған. Алайда тамызда бұл тәжірибе жалғаспайды, өйткені қазіргі бағам жағдайында зейнетақы активтерінің валютадағы үлесі жоспарланған 40%-дан асып кеткен.
Ұлттық банктің интервенция туралы мәлімдемесінен кейін доллардың бағамы қайта 540,72 теңгеге дейін төмендеді. Бұған дейін америкалық валюта құны біртіндеп өсіп, 30 шілде күні сауда-саттық кезінде 550 теңге шегінен асып кеткен еді.