Азияның жетекші ғылыми-технологиялық орталықтарының бірі – Шанхайдағы Zhangjiang технопаркінде Орталық Еуразия мен Қытай арасындағы технологиялық ынтымақтастықты нығайтатын ерекше жоба – «Хан Тәңірі» инновациялық хабы (Khan Tengri Innovation Hub) ресми түрде өз жұмысын бастады деп хабарлайды Qazyr.kz
Бұл бастама Қазақстандық Growth Vision Pro компаниясының ұсынысымен іске асып, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің, сондай-ақ Astana Hub пен IT Park Uzbekistan-ның қолдауына ие болды.
Khan Tengri Innovation Hub – цифрлық дипломатияның жаңа алаңы. Ол Орталық Азияның ІТ-компаниялары мен стартаптарын Қытай нарығымен байланыстырып, жаһандық деңгейде дамуға жол ашады. Жоба аясында трансшекаралық технологиялар трансфері, бірлескен зерттеу жобалары, Қытай мен MENA нарығына шығу, сондай-ақ венчурлік инвестициялар тарту көзделіп отыр.
Хабтың инфрақұрылымы халықаралық талаптарға сай жасақталған: заманауи кеңселер, коуоркинг аймақтары, сервис апартаменттер қатысушыларға толыққанды даму мен өмір сүру мүмкіндігін береді. Сонымен қатар, компанияларға заңдық, салықтық, бизнеске бейімделу мәселелері бойынша жан-жақты «жұмсақ қону» (soft-landing) қызметтері ұсынылады.
Хаб білім беру және акселерациялық бағыттарда да қолдау көрсетеді. XNode акселераторымен бірлескен арнайы бағдарламалар компанияларға Қытай нарығына ену стратегиясын жасауға және жергілікті экожүйемен танысуға көмектеседі. Олардың қатарында China Market Entry Bootcamp пен China Launchpad бар.
Жаңа хаб – Орталық Еуразия елдерінің технологиялық әлеуетін ілгерілетуге және әлемдік нарықтағы орнын нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Бұл – көптеген стартаптар мен ІТ-компаниялар үшін халықаралық деңгейдегі ойыншыға айналудың нақты мүмкіндігі болып отыр.

