Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қостанай облысы әкімдігі БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турын ұйымдастырып, өңірдің егін жинау барысын таныстырды деп хабарлайды Qazyr.kz
Шара барысында тиімді егіншілік, мемлекеттік қолдауды дұрыс пайдалану және өндіріс үдерісіне инновация енгізудің үлгісін көрсетіп жүрген ірі шаруашылықт — «Темте» ЖШС мен «Агропарасат» ЖШС-і жұмысы таныстырылды.
Майлы дақылдар алқабы екі есеге артты
«Темте» ЖШС биыл 14 мың гектар жерге егін ексе, оның 8 мың гектары — дәнді дақылдар, 4 150 гектары — майлы дақылдар, 900 гектары — бұршақ тұқымдастар, 950 гектары — мал азығы дақылдары. Дәнді дақылдардың егісін 40%-ға қысқартып, майлы дақылдар алқабын екі есеге ұлғайтқан. Шаруашылық жыл сайын техникасын жаңартып, биыл 1,2 млрд теңгеден астам сомаға жаңа егіс кешендері мен шетелдік комбайндар сатып алған.
«Агропарасат» техникасын жаңартып, өнім сапасын арттыруда
Жалпы жер қоры 7 мың гектар болатын «Агропарасат» ЖШС егістіктің 5 мың гектарын өңдеп отыр. Егісте бидайдың бірнеше түрімен қатар, түйежоңышқа, сұлы, зығыр, жасымық сияқты дақылдар бар. Кәсіпорын мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несие алып, заманауи техникамен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ дәнді тазалау, кептіру және сақтау инфрақұрылымы толық жабдықталған.
Өңірлік егін жинау науқаны
2025 жылы Қостанай облысында 5,1 млн гектар алқаптан өнім жиналуда. Оның ішінде дәнді дақылдар — 4,08 млн га, майлы дақылдар — 873,5 мың га. Қолайлы ауа райы өнім сапасына оң әсер етіп, дәнді және майлы дақылдардың 60%-дан астамы өте жақсы жағдайда. Науқанға 7,9 мың комбайн мен 8,2 мың жүк көлігі жұмылдырылған.
АӨК-ке рекордтық қолдау
2025 жылы өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға 207 млрд теңге бөлінді, бұл былтырғыдан 20%-ға көп. Оның ішінде 47,3 млрд теңге — субсидиялауға, 62 млрд теңге — жеңілдетілген несиеге бағытталды. Қостанай облысы дәстүрлі түрде елдің басты астық және майлы дақыл өндірушісі ретінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді.