Алматыда Қытайдың Шэньчжэнь қаласының делегациясы және Shenzhen Urban Transportation Planning Center Co., Ltd. (SUTPC) компаниясының өкілдерімен кездесу өтті. Жиынға Алматы қаласын дамыту орталығының мамандары, Цифрландыру басқармасы және қала әкімдігінің жобалық офисінің өкілдері қатысты деп хабарлайды Qazyr.kz
Кездесудің басты тақырыбы – «Алматының цифрлық егізі» жобасын жүзеге асыру. Осы мақсатта Алматы қаласының Цифрландыру басқармасы мен SUTPC компаниясы бірлескен декларацияға қол қойып, пилоттық жобаны бастау туралы уағдаласты.
Жоба аясында қаланың инфрақұрылымы, экологиясы және даму динамикасын қамтитын цифрлық үлгі құрылады. «Алматы бірлескен инновациялар үшін ашық алаң болуға дайын», – деді қала әкімдігі өкілі Арын Амантай.
Қытайдан келген делегация құрамында Шэньчжэнь қаласы әкімдігінің даму және реформалар комиссиясы төрағасының орынбасары, инновациялық құрылыс және ірі жобаларды үйлестіру саласының жетекшілері болды.
Кездесуде Алматының цифрландыру, көлік және инновациялық бағыттағы негізгі жобалары таныстырылып, тараптар тәжірибе алмасу, өзара ынтымақтастықты жалғастыру және жаңа инвестициялық ұсыныстар дайындау туралы келісімге келді.
«Алматымен серіктестікті жоғары бағалаймыз. Цифрлық технологиялар мен көлік жоспарлау тәжірибеміз тиімді әріптестіктің негізі боларына сенеміз», – деді SUTPC компаниясының өкілі Ян Шуай.
Айта кетейік, Шэньчжэнь – Қытайдың ірі инновациялық орталығы. Мұнда Huawei, ZTE, BYD Auto сияқты алпауыт компаниялардың штаб-пәтерлері орналасқан. Қала экспорт көлемі бойынша Қытайда бірінші орында тұр.

