Астанада Халықаралық кітапханалық қауымдастықтар мен мекемелер федерациясының (IFLA) 89-шы Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конгресі өтті. Бұл – Орталық Азия тарихында алғаш рет Қазақстанда ұйымдастырылған ең ауқымды кітапханалық шара болып отыр.
«Білімді біріктіре отырып – болашақты құрамыз» ұранымен өткен форумға әлемнің 114 елінен 1600-ден астам делегат қатысты. Конгресс кітапхана ісінің стратегиялық даму бағыттарын айқындап, білімді сақтау мен таратудың жаңа технологияларын енгізуге арналды.
Шара барысында кітапханалардың цифрлық кеңістікке бейімделуі басты назарға алынды. Жасанды интеллект, автоматтандыру және электрондық басқару жүйелерінің дамуы кітапхана саласына жаңа талаптар қойып отыр. Бүгінде кітапханалар тек құжаттық мұраны сақтайтын орын ғана емес, сонымен бірге виртуалды архивтер мен цифрлық коллекциялар жасайтын орталықтарға айналуда.
Форум аясында Түркі тарихы мен мәдениеті қоры – TURKTAV ерекше назарға ілікті. Қор «Отырар» және «Turcology» халықаралық электронды кітапханаларын ұсынып, түркі халықтарының құнды мұраларын біріктіруді көздеп отыр. TURKTAV қызметі мәдени мұраны сақтау мен сирек еңбектердің цифрлық коллекцияларын қалыптастыруға, сондай-ақ бірыңғай білім кеңістігін құруға бағытталған.
Сонымен қатар қор заманауи түркі әлемінің тұлғаларының еңбектерін аударумен, көрмелер ұйымдастырумен, баспа ісін дамытумен айналысып келеді. Бұл бастамалар сирек әдеби жәдігерлерге қолжетімділікті арттырып қана қоймай, ғылыми зерттеулерге, тағылымдамаларға және кәсіби тәжірибе алмасуға жол ашады.
TURKTAV қорының атқарушы директоры Әсел Лахаева конгресс кітапханалардың ұлттық жады мен бірегейлікті сақтаудағы рөлін атап өтті:
«Кітапхана – тек кітаптар жиынтығы емес, ол мемлекеттің және ұлттың жады, тұрақты дамудың кепілі. Біздің қордың және басқа да ұйымдардың қатысуы жаңа серіктестіктер орнатуға жол ашты», – деді ол.
Астанада өткен IFLA конгресі дәстүр мен инновацияның, ұлттық жад пен жаһандық білімнің тоғысқан алаңына айналды. Қазақстан мәдениет, ғылым және технология саласындағы халықаралық диалогты дамытуда белсенді рөл атқарып отырғанын тағы да дәлелдеді.

