Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен автокөлік жолдарының сапасын арттыру мәселелері бойынша кеңес өтті. Жиында Мемлекет басшысының жол саласын дамытуға қатысты тапсырмаларын орындау барысы қаралды деп хабарлайды Qazyr.kz
Қазіргі таңда елімізде 185 мың шақырым автожол бар. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 25 мың шақырымды, жергілікті деңгейдегі жолдар – 70 мың шақырымды, ал елді мекендер көшелері – 90 мың шақырымды құрайды.
Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаровтың айтуынша, 2025 жылы 13 мың шақырым жол жөндеуден өтті. Соның ішінде:
республикалық маңызы бар 2 мың шақырымнан астам жол қайта жаңғыртылып,
облыс орталықтарын байланыстыратын 6,6 мың шақырым жол жөнделеді,
жергілікті маңызы бар 4,1 мың шақырым жол жаңартудан өтеді.
Нәтижесінде республикалық жолдардың сапасын нормативке сәйкестік деңгейі 94%-ға, ал жергілікті жолдар 91%-ға жеткізу көзделіп отыр.
Салада заңнамалық өзгерістер қабылданып, сапа орталығының ескертулері жойылмайынша нысандарды пайдалануға қабылдауға тыйым салынды. Сонымен қатар орташа жөндеу жобалары міндетті түрде ведомстволық сараптамадан өтуге тиіс.
2025 жылдың жеті айындағы қорытындыға сәйкес, сапасыз жол-құрылыс материалдары мен ақаулардың үлесі 2%-ға төмендеген. Жергілікті жолдарда қиыршық тасты асфальтбетонмен алмастыру 14%-ға өскен. Сондай-ақ жобалық шешімдерді оңтайландыру есебінен 1 млрд теңгеден астам қаражат үнемделген.
Жиында «ҚазЖолҒЗИ» АҚ президенті Арман Әлібаева жол саласына цифрлық технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстарды таныстырды. Институт соңғы бес жылда 20-дан астам ғылыми зерттеу жүргізіп, Superpave технологиясын енгізді. Бұл жүйе нақты климаттық жағдайларды ескере отырып, берік әрі сенімді жол төсемін салуға мүмкіндік береді.
Премьер-министр 2030 жылға дейін 4 мың шақырым жолды қайта жаңғырту жоспарланғанын атап өтті. Сондай-ақ «Ақтөбе – Ұлғайсын», «Қарағанды – Жезқазған», «Атырау – Доссор» және бірқатар қала айналма жолдары сияқты маңызды жобаларды жүзеге асыру қажеттігін айтты.
Олжас Бектенов жол сапасына қатысты тұрғындардан ең көп сын түсетін өңірлерді атап өтіп, мердігерлердің кепілдік мерзімін ұзартуды, сапасыз материал қолданған ұйымдардың жауапкершілігін күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар кейбір облыстарда бөлінген қаржының толық игерілмегеніне назар аударып, тиісті министрліктерге бақылауды күшейтуді жүктеді.

