Qazyr.kz порталы
ҚазірСпорт

Қазақстан құрамасы Astana 2025 World Boccia Challenger турнирінде алты медаль жеңіп алды

2025 жылғы 27 тамызда Астанада Astana 2025 World Boccia Challenger халықаралық турнирінің жабылу салтанаты өтті. Бұл – Қазақстанда алғаш рет BISFed аясында ұйымдастырылған бочча бойынша халықаралық жарыс. Турнир 2028 жылғы Лос-Анджелес Паралимпиадасына іріктеу кезеңінің бір бөлігі саналады.

Байрақты бәсекеге 12 елден 56 үздік спортшы қатысты. Жарыстың жоғары деңгейде өткенін Боччаның халықаралық федерациясы (BISFed) өкілдері ерекше атап өтті. Сарапшылардың айтуынша, мұндай ауқымды турнирдің өтуі Қазақстанның инклюзивті спортты дамытуға және халықаралық спорттық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадамы болды.

Қазақстан құрамасы сенімді өнер көрсетіп, жалпы алты медаль иеленді. Жекелей сында Итиана Шыңғысханова мен Балжан Бөлекпаева алтын медальға қол жеткізді. Күміс жүлдені Азамат Аязбаев пен Ерхат Алмат жеңіп алса, Эльмира Мусралиева қолаға ие болды. Бұған қоса, аралас жұптық сында Эльмира Мусралиева мен Азамат Аязбаев қарсыластарынан басым түсіп, командалық есепте Қазақстан қоржынына алтын медаль салды.

Турнирдің шешуші күнінде жұптық және командалық сайыстардың жеңімпаздары анықталды. Аралас жұптық BC4 санатында қазақстандық спортшылар ирандық құраманы жеңсе, командалық BC4 жарысында Оңтүстік Корея құрамасы топ жарды. Ал BC3 санатында да кореялық спортшылар жеңіске жетті.

Қазақстан бочча федерациясының президенті, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев турнирдің ел спорты үшін тарихи маңызын атап өтті. Ол жеңімпаздарды құттықтап, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан ұйымдастырушыларға, төрешілерге, бапкерлерге, ата-аналарға, волонтерлер мен демеушілерге алғысын білдірді.

Astana 2025 World Boccia Challenger турнирі Қазақстан бочча федерациясының ұйымдастыруымен, ҚР Туризм және спорт министрлігінің, Sport Qory қорының, «Самұрық-Қазына» АҚ, ERG және өзге серіктестердің қолдауымен өтті.

Жарыстың сәтті өтуі Қазақстанның халықаралық деңгейдегі параспорттық іс-шараларды қабылдауға дайын екенін көрсетіп, елдегі инклюзивті спорттың дамуына жаңа серпін берді.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақ-орыс қатынасын дамытуда ешқандай қиындық жоқ – Путин

admin_qazyr

Оралдағы «Құс фабрикасы» саяжайының тұрғындары жарықсыз қалып,халық ереуілге шықты

redaktor_qazyr

Крипто нарықтың даму бағыттары талқыланды

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz