Qazyr.kz порталы
АймақҚазір

Маңғыстауда Президент Жолдауының жүзеге асу жолдары талқыланды

11 қыркүйекте Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен кеңейтілген отырыс өтіп, онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты Жолдауында белгіленген басым бағыттарды жүзеге асыру мәселелері қаралды.

Жолдауда ел экономикасын дамытуға қатысты бірқатар стратегиялық міндеттер айқындалған. Олардың қатарында инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін күшейту, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, көлік-логистика саласын жетілдіру, адами капиталды нығайту, цифрландыруды жеделдету, жасанды интеллектті енгізу, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын және су инфрақұрылымын жаңғырту, Каспий теңізін сақтау бар.

Әкімнің айтуынша, Маңғыстау облысы осы бағыттар аясында ауқымды жұмыстарды қолға алуда. Аймақта бизнес ортаны жақсартуға, шетелдік инвестиция тартуға ерекше көңіл бөлінуде. Жақын арада көлік және логистика, машина жасау, цифрландыру және балық шаруашылығы салаларында ірі жобалар жүзеге аспақ.

Көлік-логистика саласына ерекше басымдық берілуде. Бүгінде Ақтау портында контейнерлік хабтың алғашқы кезеңі іске қосылды. 2028 жылға дейін қуаттылығы 11 миллион тонна болатын «Саржа» теңіз терминалы пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, Ақтау халықаралық әуежайында құны 1 миллиард АҚШ долларына тең логистикалық және авиациялық хаб салу жоспарда бар.

Отырыс барысында өңір басшысы туризмді дамытудың да маңызды бағыт екенін атап өтті. 2025–2029 жылдары жалпы құны 193 миллиард теңгені құрайтын 19 жоба жүзеге асырылып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Әсіресе Бозжыра, Шерқала, Айрақты, Кендірлі және Жылы жағажай аймақтарында экологиялық және жағажай туризмі дами түспек.

Нұрдәулет Қилыбай мәслихат, атқарушы билік пен азаматтық қоғамның үйлесімді әрекет етуінің маңыздылығын да атап өтті. Ол Мемлекет басшысы тапсырған Бейнеу – Сексеуіл автожолының құрылысы өңірдің көлік әлеуетін арттырып, оңтүстік пен батыс өңірлерді байланыстыратын маңызды стратегиялық жоба екенін айтты.

– Президент Жолдауында ел дамуының жаңа басымдықтары белгіленді. Маңғыстау – көлік-логистика саласында еліміздің маңызды тірегі. Біздің міндет – осы әлеуетті тиімді пайдаланып, халықпен бірлесіп тұрақты даму жолында жұмыс істеу, – деді өңір әкімі.

Ұқсас жаңалықтар

Дархан Сатыбалды Сұлусай шағынауданының даму барысымен танысты

admin_qazyr

Энергетика министрлігі мен PowerChina зерттеу орталығын құрады

admin_qazyr

Монтайтастық жігіт ауыл көшелерінің бойына қоқыс жәшіктер орнатты

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz