Qazyr.kz порталы
АймақӘмбебапҚазірҚоғам

Өңір дамуына үлес қосқан жастар: БҚО-да жыл үздіктері анықталды

Батыс Қазақстан облысында жастардың әлеуетін арттыруға және олардың қоғамдық белсенділігін қолдауға бағытталған  «Жыл үздігі – 2025» жастар сыйлығының салтанатты марапаттау рәсімі өтті деп хабарлайды Qazyr.kz

Дәстүрлі байқау әр салада табысты еңбек етіп жүрген жас мамандарды, шығармашыл жастарды және әлеуметтік бастамаларымен көзге түскен белсенділерді анықтауға бағытталған.

Салтанатты шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, үздік деп танылған жастарды құттықтады. Өңір басшысы өз сөзінде облыс жастарының әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, мемлекеттік қолдау тетіктері жастардың кәсіби дамуына ғана емес, аймақтың әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне де серпін беріп отырғанын айтты.

Нариман Төреғалиев жастарды қолдау бағытында атқарылып жатқан нақты жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде облыста жастарды жұмыспен қамту тетіктері кеңейтіліп келеді.

«Өңірде жастарды жұмыспен қамтудың тиімді механизмдері іске асырылуда. Қазіргі таңда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,6 пайызды құрайды. “Еңбек” платформасы арқылы 7 мыңнан астам азамат тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Әсіресе ауыл жастарына ерекше назар аударылып отыр. Техникалық және кәсіптік білім беру саласында 15 мыңнан астам студент білім алуда, олардың 14 мыңы еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтары бойынша оқып жатыр. Дуальді оқыту жүйесі табысты дамып келеді, бүгінде 3 мыңға жуық жас 33 мамандық бойынша кәсіпорындар базасында өндірістік тәжірибеден өтуде. Мемлекеттік және жекеменшік колледждер WorldSkills стандарттарына сай жабдықталып, жоғары білікті кадрлар даярлауға мүмкіндік беруде», – деп атап өтті Нариман Төреғалиев.

Іс-шара барысында облыс әкімі «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпаздарын марапаттап, сондай-ақ «Жайық жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы аясында жас отбасыларға пәтер кілттерін табыс етті. Бұл бастамалар жастарды қолдаудың кешенді жүйесін қалыптастырып, олардың туған өңірінде тұрақтап, еңбек етуіне мүмкіндік береді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша «Жыл үздігі» сыйлығы аясында бірнеше аталым бойынша үздіктер анықталды. Атап айтқанда, «Үздік жас ақын», «Үздік студент», «Үздік жас ғалым», «Үздік жас талант», «Үздік жас кәсіпкер», «Үздік ауыл патриоты», «Үздік жастар ұжымы», «Үздік жұмысшы маман», «Үздік медиа маман» және «Жыл жаңалығы» номинациялары бойынша үздік жастар марапатқа ие болды.

«Жыл жаңалығы» аталымы бойынша Тасқала ауданының тумасы, «Қайрат» футбол клубының ойыншысы Еркін Тапалов жеңімпаз атанды. Оның спорт саласындағы жетістігі өңір жастары үшін үлгі ретінде бағаланды.

Айта кетейік, «Жыл үздігі» жастар байқауы Батыс Қазақстан облысында 2008 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Биыл байқауға 100-ге жуық үміткер қатысып, олардың ішінен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан 10 жас жеңімпаз деп танылды. Бұл сыйлық – жас буынның еңбегін бағалап, жаңа жетістіктерге ынталандырудың тиімді тетігі болып отыр.

 

Ұқсас жаңалықтар

«Тұз бен қант мөлшері азайтылады»Мектеп асханаларындағы мәзірлерге өзгерістер енгізілмек

redaktor_qazyr

«Taza Qazaqstan»: Алматыдан Қызылордаға дейінгі road-эстафета басталды

admin_qazyr

Алматыдағы есірткіге қарсы кешенді күрес: «Narcostop» жобасының нәтижелері жарияланды

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz