Qazyr.kz порталы
АймақҚазір

Балқашқа жол ашық, қоқысқа жол жоқ: «ecoBalqash» акциясы табиғат жанашырларын біріктірді

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Балқаш көліне апаратын жол бойында ерекше экологиялық бастама жүзеге асырылды. «ecoBalqash» атауымен өткен бұл шараның мақсаты – демалушылар мен жолға шыққан азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыру, табиғатқа жауапкершілікпен қарауды үйрету және қоршаған ортаны таза ұстауға шақыру болды деп хабарлайды Qazyr.kz

Шара аясында арнайы екі бақылау бекеті – start point және finish point орнатылып, жолға шыққан жолаушыларға қолғап пен қоқыс жинайтын қаптар таратылды. Демалушылар мен жолаушылар жол бойында және аялдау орындарында қалдықтарды жинап, Балқашқа жеткен соң мәре нүктесінде қоқысты өткізіп, сыйлықтарға ие болды. Нәтижесінде 50 қап қоқыс жиналып, Балқашқа баратын жолдар тазартылды.

Экологиялық плоггингке «Жасыл ел» жасақтары, волонтерлар және демалушылар – барлығы 250-ге жуық адам қатысты. «Jetisy jastary» КММ директорының орынбасары Арнай Рақымберліұлы шара барысында жастардың белсенділігін ерекше атап өтті:

«Бұл акцияның басты мақсаты – жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоғамның эко санасын оятып, табиғатқа ұқыпты қарауға үндеу. Біз бұл жобаны бір күндік шара ретінде емес, тұрақты мәдениетке айналдыруды көздейміз», – деді ол.

Алматы қаласынан келген демалушы Әлия өз әсерімен бөлісті:

«Жол бойында қоқыс көп екен. Балалармен бірге бөтелке, пакет жинап өткіздік. Сыйлық алып, балалардың табиғатты таза ұстау керектігін көзбен көргені – үлкен тәрбие», – деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «ecoBalqash» – алдағы уақытта Жетісу облысының басқа да туристік бағыттарында жалғасатын тұрақты бастама болмақ. Табиғатты аялау – әрбір азаматтың қолынан келетін іс екенін дәлелдеген акция көпшілікке ой салды.

Ұқсас жаңалықтар

«Монтайтас-Арыс» бағытындағы жол жүру бағасының көтерілуіне тұрғындар наразы

redaktor_qazyr

Семізбұғы көлінің жағасында жаңа демалыс аймағы мен шипажай бой көтереді

admin_qazyr

1 қыркүйек күні алматылық оқушылар мектепке бармайды

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz