Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Осыған байланысты Энергетика министрлігі отын-энергетика кешенінің негізгі үдерістеріне жасанды интеллект технологияларын кезең-кезеңімен енгізіп келеді деп хабарлайды Qazyr.kz.
Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, министрлік эксперименттік әзірлемелерге емес, инфрақұрылымның сенімділігін арттыруға, апаттылықты төмендетуге және өндірістік шығындарды оңтайландыруға бағытталған қолданбалы пилоттық жобаларға басымдық беріп отыр.
Қазіргі таңда энергетика саласында жасанды интеллектіні қолданудың үш негізгі практикалық кейсі жүзеге асырылуда.
Бірінші бағыт – ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы электр беру әуе желілерін ЖИ-дефектоскопиялау. Компьютерлік көру және машиналық оқыту технологиялары 4K-камералар, жылу бейнелеу және лидар жүйелерінен алынған деректерді талдау арқылы тірек конструкциялары мен сымдардағы ақауларды, қызып кетулерді, деформацияларды және өзге де жасырын тәуекелдерді автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді.
Екінші кейс – акустикалық резонанс технологиясына негізделген жылу желілерінің роботтандырылған құбырішілік диагностикасы. Бұл шешім жылу желілерінің жай-күйін жүйені ашпай-ақ және жұмысын тоқтатпай-ақ нүктелік бағалауға жағдай жасайды.
Үшінші бағыт-газ саласына арналған ЖИ-ассистентті енгізумен байланысты. Аталған цифрлық шешім мобильді қосымша арқылы түсірілген фотосуреттер негізінде газ есептегіштердің көрсеткіштерін автоматты түрде таниды. Бұл өз кезегінде адам факторын азайтып, есепке алу дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді.
Министрліктің мәліметінше, аталған шешімдердің барлығы пилоттық режимде сынақтан өтіп, жоғары тиімділігін көрсетті. Нәтижесінде диагностика жүргізу уақыты қысқарып, апаттылық деңгейі төмендеді, сондай-ақ ресурстарды үнемдеу көрсеткіштері айтарлықтай жақсарды.
Президент жүктеген міндеттерге сәйкес, 2026 жылы Энергетика министрлігі электр және жылумен қамтамасыз ету салаларында жасанды интеллект шешімдерін пилоттық кезеңнен ауқымды енгізу сатысына көшіруді жоспарлап отыр.
Басым бағыттардың қатарында ЖИ-дефектоскопиядағы ақауларды жіктеу жүйесін кеңейту, магистральдық құбыржолдарда құбырішілік диагностика технологияларын енгізу, сондай-ақ газ саласындағы цифрлық сервистерді одан әрі дамыту көзделген.
Сонымен бірге министрлік жасанды интеллект технологияларын әзірлейтін отандық ІТ-компаниялармен жасалған меморандумдар аясында жүйелі ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті.
2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялануы озық технологияларды жедел енгізуге және Қазақстан энергетикасын орнықты, цифрлық әрі технологиялық тұрғыдан тәуелсіз салаға айналдыруға серпін береді.

