Qazyr.kz порталы
Аймақ

Жетісу облысында ауылдық жерлерде үш жаңа әлеуметтік нысан іске қосылды

Жетісу облысында Жаңа жыл қарсаңында бірден үш заманауи әлеуметтік нысан пайдалануға берілді деп хабарлайды Qazyr.kz.

Алакөл ауданының Көлбай ауылында бір ауысымда 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория өз жұмысын бастады. Ауылда шамамен 1600 тұрғын бар, бұған дейін медициналық қызмет бейімделген ғимаратта көрсетіліп, науқастардың көбісі аудан орталығына жіберілетін.

Жаңа амбулаторияда барлық қажетті жағдай жасалған: егу бөлмесі, стоматологиялық және гинекологиялық кабинеттер, «Сау бала» бөлмесі, күндізгі стационар, сондай-ақ жұқпалы аурулары бар науқастарды қабылдау кабинеті бар. Медициналық мекемеде акушер-дәрігер, фельдшер және екі мейірбикеден тұратын 8 қызметкер жұмыс істейді.

Ал Қаратал ауданында бірден екі нысан — мәдениет үйі мен спорт кешені ашылды.

Үштөбе қаласында бой көтерген бокс залы бар спорт кешенінің құрылысы жаздың соңында басталып, жоспарланған мерзімде аяқталды. Жергілікті тұрғындар бұл нысан жас спортшыларды тәрбиелейтін «чемпиондар ұстаханасына» айналады деп сенеді.

– Мен бокс секциясын жүргіземін. Үйірмеге әртүрлі жастағы шамамен 80 бала қатысады. Бұған дейін жаттығулар бірнеше ауысымда, қолайсыз жалдамалы ғимаратта өтетін. Енді жаңа залда барлық жағдай жасалған, жұмыс істеу әлдеқайда ыңғайлы. Осындай нысан салып берген азаматтарға алғыс айтамын. Біз шәкірттерімізбен бірге ауданның абыройын асқақтатып, талай жарқын жеңістерге жетеміз деп сенемін, – деді жас бапкер Роман Щегринов.

Қаратал ауданының Алмалы ауылындағы мәдениет үйі «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынды. Мұнда шамамен 14 мың дана кітап қоры бар кітапхана, акт зал, репетиция бөлмелері, грим бөлмесі мен костюм сақтайтын орын қарастырылған. Қазіргі таңда домбыра, вокал және би үйірмелері ашылды. Ауылдық округте 1300-ден астам тұрғын тұрады.

Жергілікті тұрғындар да өз ризашылығын білдірді:

– Енді үнемі қалаға қатынаудың қажеті жоқ. Өзіміздің жайлы, заманауи мәдениет үйіміз ауыл тұрғындарының мәдениеті мен өнерінің орталығы болады деп сенеміз. Осындай қуанышты сәттер көп болсын, – деді Айман Тілеуғасымқызы.

Ауылдық округтің Ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Төлеген:

– Енді балаларымыз өз таланттарын шыңдайтын, ересектер рухани демалатын, аға буын өз өмірлік тәжірибесі мен даналығын бөлісетін орын пайда болды. Мәдениет пен өнер рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтуда маңызды рөл атқарады. Осы іске үлес қосқан баршаға алғыс айтамын, – деді ол.

Ұқсас жаңалықтар

ШҚО-да баспанаға мұқтаж азаматтарды тіркеудің жаңа жүйесіне көшу мәселесі талқыланды

admin_qazyr

Талдықорғанда әлеуметтік осал топтарға арналған 60 пәтерлік үй пайдалануға берілді

admin_qazyr

СҚО-да күнбағыс майын өндіретін зауыт іске қосылды

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz