Qazyr.kz порталы
экономика

2026 max pro. Бізді қандай жыл күтіп тұр?

Жаңа 2026 жыл да кіріп келді. Көп адамда биыл қалай болар екен деген сұрақ бар. Сондықтан 2026 жылдың болжамын жасап көрелік.
Қазақстан экономикасы 2025 жылды ішкі жалпы өнімнің 6,4 пайыздық өсімімен жылды қорытындылап отыр. Бұл кездейсоқ нәтиже емес, жүйелі саясаттың көрінісі. Мұндай қарқын макроэкономикалық тұрақтылықтың сақталғанын және негізгі салаларда нақты ілгерілеу бар екенін аңғартады.
Енді алдағы міндет осы деңгейді ұстап қана қоймай, өсімді одан әрі үдету. Бұл үшін мемлекет инфрақұрылымды жаңғыртуға, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытуға, сондай-ақ білім мен ғылымға инвестиция салуға басымдық беріп отыр.
Еліміздің экономикасы өндіріс саласына тәуелді. Өнеркәсіп саласында нақты жоспарлар бар. 2030 жылға дейін арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды инфрақұрылыммен толық қамтамасыз ету арқылы 200-ден астам жаңа жобаны іске асыру көзделуде. Бұл өңдеу өнеркәсібінің өсуіне серпін беріп, мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Ал 2025–2029 жылдар аралығында өңдеу секторында 140 жоба пайдалануға берілмек.
Ауыл шаруашылығы мен экспорттық әлеует те экономикалық өсімнің маңызды тірегіне айналып отыр. Қазақстанның жалпы экспорттық мүмкіндігі 13 млн тоннаға бағаланады, сондықтан отандық диқандардың өнімін кемі 45 мемлекетке жеткізу мақсаты бар. 2028 жылға дейін жылына 4,8 млн тонна бидай мен жүгеріні өңдейтін бес ірі жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл бағытқа $2,6 млрд инвестиция тартылмақ.
Мал шаруашылығы мен ет экспорты бойынша да жаңа кезең басталады десек болады. 2026 жылдан бастап Қазақстан өнімдері Әзербайжан, Моңғолия, Марокко, Иран және Еуропалық одақ нарықтарына шығуы тиіс. Сонымен қатар Жапония, Оңтүстік Корея және БАӘ елдеріне ет пен сүт өнімдерін жеткізу мәселесі пысықталып жатыр. Қазір елімізде мал басының саны едәуір өскен, енді оны әрі қарай көбейте түсу үшін келесі жылы агросекторға кемінде 200 млрд теңге бөліну жоспарланған.
Экономиканың орнықты өсуі кәсіпкерліксіз мүмкін емес. Әсіресе, моноқалаларда, шағын қалалар мен ауылдық жерлерде шағын және микробизнесті қолдау – стратегиялық маңызы бар мәселе. Осы мақсатта «Іскер аймақ» атты бірыңғай бағдарлама әзірленіп жатыр. Бағдарлама аясында екінші деңгейлі банктер арқылы жыл сайын 400 млрд теңге көлемінде несие беру көзделген. Бір жобаға 200 млн теңгеге дейін қаржы қарастырылады.
Жалпы алғанда жоспарланған реформалар толық әрі сапалы жүзеге асса, бүгінгі 6,4 пайыздық өсім ертең тұрақты әрі ұзақ мерзімді дамудың берік іргетасына айналуы әбден мүмкін.
Айбар Олжаев

Ұқсас жаңалықтар

Ресей экономикасы ауыр стагфляцияның құрсауында қалуы мүмкін

admin_qazyr

Алматыда жол жөндеуге 30 млрд теңге бөлінді

admin_qazyr

Олжас Бектенов Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия отырысын өткізді

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz