Қазақстанда жасанды интеллект саласына бағытталған арнайы университет құру жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Qazyr.kz.
Министрдің айтуынша, жаңа оқу орны индустрияның нақты сұраныстарына сай пәнаралық бағыттар бойынша кадрлар даярлауға және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізуге бағытталады. Университет заманауи технологиялық трендтерді ескере отырып, білім беру мен ғылымды ұштастырған инновациялық алаңға айналмақ.
Жасанды интеллект университеті Alem.ai экожүйесіне біріктіріліп, жетекші шетелдік университеттермен және ірі технологиялық компаниялармен әріптестік аясында дамитын болады. Бұл қадам халықаралық тәжірибені тартуға және отандық мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Бүгінгі таңда елімізде жасанды интеллектті дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Алдағы кезеңде жасанды интеллект университетін құрумен қатар бірқатар жүйелі шараларды жүзеге асыру міндеті тұр. Негізгі мақсат – профессор-оқытушылар құрамын жасанды интеллект бойынша біліктілікті арттыру бағдарламаларымен 100 пайыз қамту және 100 мың студентті тарта отырып, AI-Sana бағдарламасының келесі кезеңін іске асыру», – деп атап өтті Саясат Нұрбек.

