Qazyr.kz порталы
Руханият

Аралдан Байқоңырға дейін: «Boran–Буран» көрмесіндегі үш өлшемнің тоғысуы

20 ақпанда Астана қаласындағы ÓzgeEpic креатив хабында суретші әрі сәулетші Әсел Есжанованың «Boran–Буран» атты алғашқы жеке көрмесі есік ашты. Жоба мәдени жад, автордың өмірлік тәжірибесі, ғарыштық және метафизикалық кеңістік тақырыптарын бір арнаға тоғыстырып, көрерменді визуалды әрі дыбыстық сапарға жетелейтін тұтас көркемдік оқиға ретінде ұсынылды.

Экспозиция автордың сәулеттен заманауи өнер практикасына өткен жеті жылдық шығармашылық жолына сүйенеді. Бұл бетбұрыс Қазақстан аймақтарына, соның ішінде Арал теңізіне жасалған сапардан басталған. Әсел Есжанованың айтуынша, дәл осы сапар барысында архитектуралық тілмен жеткізуге келмейтін, жаңа материалдар мен жаңа медиумдарды қажет ететін экзистенциалды сұрақтар туындаған.

Соның нәтижесінде табиғатпен байланыстың үзілуі, тарихи жара, жадының қайта түзілуі секілді күрделі тақырыптар көрменің өзегіне айналды. Автор: «Көрме – жадымның бейнесі. Әрбір жұмыс жоғалған сабақтастықты қайта табуға жасалған талпыныс», – деп жоба мәнін нақты тұжырымдайды.

«Боран» атауы көпқабатты символикаға ие. Даланың қарлы дауылы, суретшінің әжесі еркелетіп қойған есімі және Байқоңырдан ұшырылған кеңестік «Буран» ғарыш кемесіне ишара – үш түрлі мағына бір атауда тоғысқан. Табиғат, жеке естелік пен тарихи кеңістік экспозиция ішінде үнсіз диалог құрып, жаңа мағыналық өріс қалыптастырған.

Көрменің композициялық орталығы – биіктігі төрт метрлік «Келу / Прибытие» инсталляциясы. Арал теңізінен әкелінген ескі қайық бесік пішініне келтіріліп, кеңістікте тік құрылымға айналған. Жұмыстың ерекшелігі – иммерсивті форматта ұсынылуы. Келушілер бесіктің ішіне жатып, туындымен физикалық деңгейде байланыс орната алды. Бесік – қамқорлықтың, қайық – аман қалудың символы. Екеуінің тоғысуы адам тіршілігінің нәзік болмысын сөзсіз жеткізеді. Жоба кураторы Әсел Ахметжанова «Boran–Буран бақылаушы мен туынды арасындағы қашықтықты жояды» деп атап өтті.

Инсталляцияның дыбыстық кеңістігін композитор Бексұлтан Бағытжан (Jeltoksan) әзірлеген. Саунд-арт құрамында Арал теңізінің дыбыстық жазбасы, далалық ландшафт үні және суретшінің анасы Клара Есжанованың орындауындағы бесік жыры бар. Акустикалық қабат көрерменнің эмоциялық қабылдауын тереңдетіп, жеке тәжірибеге айналдырады.

Экспозиция материалдық тұрғыдан киіз бен ағашқа сүйенеді. Киіз тұрмыстық элемент қана емес, ұжымдық жад пен буын сабақтастығының белгісі ретінде ұсынылған. Күйдірілген қарағай мен Аралдан алынған қайық уақыт пен кеңістіктің символына айналып, авторлық мифологияның негізін қалыптастырған. Осы материалдар арқылы дала өркениетінің тұрмысы, жарасы және үміті бір кеңістікте шоғырланған.

OzgeEpic креатив кеңістігінің директоры, продюсер Тоғжан Құрманжанқызы жоба туралы пікір білдіріп, көрме заманауи өнер мен ішкі жан толғанысын бір арнаға тоғыстырғанын айтты. Ал хабтың негізін қалаушы, медиаменеджер Мақпал Жұмабай «Boran–Буран» әрбір көрерменді өзінің ішкі тарихымен бетпе-бет қалдырды деп бағалады.

Көрме көрерменге автордың ішкі рефлексиясын, далада ұйытқи соққан боранды, отаудың төрінде естілген әже әлдиін, көкке ұмтылған қазақ әйелінің қиялын бір мезетте сезінуге мүмкіндік берді. Рухани кеңістікте әр адам өзіне жақын мағынаны тауып, ішкі үнін тыңдауға жағдай жасалды.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан тарихы тест

Redaktor Site

Қазақстан тарихы тест

Redaktor Site

Әділбек Қаба

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz