Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының денсаулық сақтау саласында маңызды өзгеріс орын алды. Есік қаласындағы №1 перинаталдық орталық енді жеке медициналық ұйым ретінде жұмыс істейтін болды.
Осы уақытқа дейін орталық Еңбекшіқазақ көпсалалы орталық аудандық ауруханасының құрамында жұмыс істеп келген еді. Ал енді оның дербес мәртебеге ие болуы – аудандағы босандыру қызметін жетілдіру мен аймақтық денсаулық сақтау жүйесінде орталықтың институционалдық рөлін нығайту бағытындағы стратегиялық қадам.
Жаңа мекеме басшысы болып тәжірибелі маман Дәурен Жұмазыұлы Иманалиев тағайындалды. Оны ұжымға Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Әбілқасымұлы Сүлейменов арнайы таныстырды.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, бұл шешім ана мен бала денсаулығын қорғау, босандыру кезіндегі асқынулар мен өлім-жітім көрсеткіштерін төмендету, сонымен бірге кадрлық және материалдық-техникалық ресурстарды тиімді басқаруға мүмкіндік беретін маңызды қадам. Орталықтың дербес жұмыс істеуі репродуктивті денсаулықты сақтау мен акушерлік-неонатологиялық көмек көрсету деңгейін жаңа сапалық деңгейге көтермек.
– Біздің алдымызда заманауи медициналық технологияларды енгізу, мамандардың біліктілігін арттыру және орталықтың материалдық-техникалық базасын нығайту міндеттері тұр. Жаңа мәртебе орталық жұмысына ерекше серпін беріп, әйелдер мен нәрестелердің денсаулығын қорғауда сапалы өзгерістерге жол ашады, – деді орталықтың жаңа директоры Дәурен Иманалиев.
Еңбекшіқазақ ауданы тұрғындары үшін орталықтың дербес медициналық ұйым болуы – жүкті әйелдердің денсаулығын жақсарту, босану процесін қауіпсіз ету және жаңа туған нәрестелерге сапалы күтім көрсету үшін маңызды медициналық әрі ұйымдастырушылық ресурстарды біріктіруге мүмкіндік береді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Есік қаласындағы №1 перинаталдық орталықтың жаңа мәртебесі ауданның медицина саласына тың серпін беріп, аймақтағы жетекші мамандарды шоғырландыратын заманауи орталыққа айналарына сенім білдірді.

