Qazyr.kz порталы
Аймақ

Алматы түлектері әлемдік университеттерге жолдама алып жатыр

Алматы мектептерінің 2025-2026 оқу жылындағы түлектері әлемнің жетекші университеттерінен шақырту мен білім гранттарын алып, мегаполистің білім беру хабы ретіндегі орнын тағы бір мәрте дәлелдеді, деп жазады Qazyr.kz.

Жыл басынан бері қаладағы жүздеген 11-сынып оқушысы АҚШ, Ұлыбритания, Швейцария, Франция, Аустрия, Гонконг, Сингапур, Оңтүстік Корея, Түркия және басқа да елдердің беделді жоғары оқу орындарынан шақырту алған.

Алматылық түлектердің таңдауы қазіргі жаһандық еңбек нарығындағы сұраныспен де үндесіп отыр. Олар жасанды интеллект, биохимиялық инженерия, IT, халықаралық логистика, цифрлық коммуникация секілді технологиялық әрі болашағы зор бағыттарға көбірек назар аударған.

Үздік университеттерден шақырту алу саны бойынша Бостандық ауданы дәстүрлі түрде алдыңғы қатарда келеді. №105 гимназия түлегі, химия пәнінен халықаралық олимпиаданың күміс жүлдегері Сәлима Дәулеткерей Швейцариядағы EPFL университетіне «Биохимиялық инженерия» мамандығы бойынша шақырту алды. Сонымен қатар ол Нидерландтағы Гронинген университетінен де ұсыныс алған.

№92 мамандандырылған лицей түлегі, математика және физика бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы Арайлым Мұхажан бірден үш жоғары оқу орнынан шақырту алды. Олардың қатарында АҚШ-тағы DePauw University, Saint Louis University және Қытайдағы Duke Kunshan University бар.

№22 мектеп-гимназия түлегі, француз тілі бойынша республикалық олимпиада жүлдегері Жанель Тен Франциядағы Страсбург университетіне қабылданды. №140 гимназия түлегі, робототехникадан халықаралық жарыстардың жүлдегері Мұхамеджан Төлеубек South China University of Technology университетінің «Жасанды интеллект» бағытына түсті.

Алмалы ауданының түлектері Еуропа және Азия бағыттарында белсенділік танытып отыр. Әуезов ауданында биылғы 3099 түлектің 23-і беделді университеттердің гранттарына мақсатты түрде дайындалған. Қазір аудан бойынша халықаралық тізімдерде 134 шақырту тіркелді. Ең көп таңдалған бағыттар қатарында Гонконг, Қытай, АҚШ, Еуроодақ елдері, Түркия, Оңтүстік Корея және Ұлыбритания бар.

Алатау ауданында 2859 түлектің 28-і шетелдік жоғары оқу орындарына іріктеуден сәтті өтті. Олардың басым бөлігі Қытай, Чехия және Түркия университеттерінің гранттарын иеленген. Сонымен қатар аудан түлектері АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония және Әзірбайжан университеттеріне қабылданды.

Наурызбай ауданында 5 түлек шетелдік университеттердің атаулы гранттарына ие болды. Олар IT, педагогика, халықаралық логистика және сауда, менеджмент, цифрлық коммуникация бағыттары бойынша білім алады.

Түрксіб және Жетісу аудандары да тұрақты нәтиже көрсетіп келеді. Түрксіб ауданында 11 түлек Ресей, Қытай және Түркия университеттерінде оқуын жалғастырады. Жетісу ауданындағы №118 мектеп-гимназиясы мен №80 жалпы білім беретін мектеп түлектері Қытай, Ресей және Аустриядағы жоғары оқу орындарына түсті.

Алматы түлектерінің мұндай нәтижесі қала мектептеріндегі академиялық дайындықтың, халықаралық олимпиадаларға жүйелі қатысудың және жаңа технологиялық бағыттарға ерте бейімделудің жемісі ретінде бағаланады. Әлемдік университеттерге жол ашқан бұл жетістіктер Алматының интеллектуалдық капиталы күшейіп келе жатқанын көрсетеді.

Ұқсас жаңалықтар

Маңғыстау жастары мен дәрігерлері Түркияда тегін оқып, біліктілігін арттырады

admin_qazyr

Астанада интеллектуалды дрондар патрульдеуді жаңа деңгейге шығарады

admin_qazyr

Алматы облысында жаңа Talgar Eco City қаласының құрылысы басталмақ

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz