Qazyr.kz порталы
АймақЖаңалықтарҚазірҚоғам

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Әуезов ауданындағы абаттандыру жобаларымен танысты

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Әуезов ауданында жұмыс сапарымен болып, бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың жай-күйімен танысты. Сапар барысында акім қала аумағындағы аулаларды абаттандыру, нарықты жаңғырту және денсаулық сақтау нысанын салу жобаларының барысын тексерді, деп хабарлайды Qazyr.kz

Жұмыс сапарының алғашқы нысаны – 10-шы шағын ауданындағы жаңа саябақ болды. Жоба «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған. 3,89 гектар аумақты қамтитын саябақ тұрғындардың ұсынысымен салынды. Құрылыс барысында 4,5 мың шаршы метр брусчатка төселіп, 8,5 мың шаршы метр жерге көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, 550 бұта мен 30 ағаш егілді, автосуару жүйесі орнатылды, 83 жарық бағаны, 45 қоқыс жәшігі және 24 бейнебақылау камерасы қойылды. Бұрыннан бар орындықтар мен ойын алаңдары қайта жөнделді.

Келесі нысан – «Сарыарқа» базарының реконструкциясы. Бұл жоба жеке инвестициялар есебінен жүзеге асуда. ТОО «Маркет Плаза» компаниясы 1,5 млрд теңге көлемінде қаржы құйып отыр. Жөндеу жұмыстары 2025 жылдың желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланған. Нәтижесінде 0,84 гектар аумақта заманауи сауда орталығы салынып, жұмыс орындарының саны 250-ге дейін артады.

Сонымен қатар, қала басшысы №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының аумағында болып, ескі ғимаратты бұзып, орнына 67 төсекке арналған жаңа аурухана ғимаратын салу жобасымен танысты. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылдың қарашасында басталып, 2027 жылдың ақпанында аяқталмақ.

«Медицина саласының дамуына ерекше көңіл бөліп отырмыз. Барлық құрылыс жұмыстары сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы тиіс», — деді Дархан Сатыбалды.

Сапар соңында әкім Алтынсарин даңғылы мен Кабдолов көшесіндегі көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын да қарап шықты. Бұл аумақтар да «Халық қатысатын бюджет» аясында жаңғыртылған. Мұнда заманауи жарықтандыру жүйелері, орындықтар, қоқыс жәшіктері, балалар ойын алаңдары мен бейнебақылау камералары орнатылған.

Қала әкімі тұрғындар ұсынысын ескере отырып, жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, нысандардың сапасын бақылауды және абаттандырылған аумақтардың күтімін қамтамасыз етуді тапсырды. Дархан Сатыбалды Алматының барлық аудандарында бірыңғай архитектуралық стиль мен қала дизайнының сақталуы қажет екенін атап өтті.

Ұқсас жаңалықтар

ХАМАС тағы жеті тұтқынды босатты

redaktor_qazyr

Дональд Трамп TikTok-ты «құтқару» мүмкіндігін қарастыруда

redaktor_qazyr

Алмалы ауданы толық бақылауда: аулалардан скверге дейінгі жүйелі тазалық

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz