Қазіргі уақытта балалар арасындағы буллинг, ата-аналардың жауапкершілігінің төмендеуі, алкогольдік тәуелділік салдарынан ата-ана құқықтарынан айырылу жағдайлары, сондай-ақ ажырасудан кейін қайта құрылған отбасыларда баланың жаңа ортаға бейімделу кезеңінде кездесетін қиындықтар өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі болып отыр.
Статистикалық деректерге сәйкес, өгей ата-аналардың тарапынан көрсетілетін психологиялық және физикалық қысым фактілері жиілеп, бұл жағдайлар қоғамда алаңдаушылық туғызуда. Аталған мәселелер баланың психоэмоционалдық жағдайына кері әсер етіп қана қоймай, оның болашақ өміріне, әлеуметтік ортаға бейімделуіне және тұлғалық қалыптасуына тікелей ықпал етеді.Осыған байланысты балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, зорлық-зомбылықтың, немқұрайлылық және кемсітушіліктің (буллинг) алдын алу шараларын күшейту – мемлекеттік органдарының, білім беру ұйымдарының және ата-аналардың ортақ міндеті болып табылады.
Мемлекет үшін басты байлық адам және оның өмірі екенін айтатын болсақ, бала біздің болашағымыз. Баланың дені, сау санасы, оның құндылықтары мен қызығушылығы мына сізбен бізге аманат!
Жоғарыдағы айтылған өзекті мәселелерді мемлекетіміз зерттей, зерделей келе жыл басында Алматы қаласында КММ «Балалардың құқықтарын қорғау орталығын» ашты.
Орталықтың негізгі мақсаты — бала құқықтарын қорғаудың тиімді, жүйелі моделін қалыптастыру, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға көмек көрсету, сондай-ақ қорғаншылық және қамқоршылық органдарына жүктемені азайту. Орталық мектептер, қорғаншылық органдары, құқық қорғау органдары арасындағы үйлестіруші және практикалық буын ретінде әрекет етеді.
Орталықтың миссиясы-балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау, олардың қауіпсіз, үйлесімді және лайықты дамуы үшін жағдай жасау, сондай-ақ зорлық-зомбылықтың, қатыгездіктің, немқұрайлылықтың және кемсітушіліктің алдын алу.
Бүгінгі таңда балалар арасындағы буллинг – жасырын қалып қоятын, бірақ салдары өте ауыр әлеуметтік дерт. Орталыққа 2025 жылдың 1 желтоқсанына дейін Е-Өтініш жүйесі арқылы 39 өтініш келіп түскен болса, соның 15-і тікелей буллинг фактілеріне қатысты болған. Бұдан бөлек, Орталыққа буллинг фактісі бойынша қосымша тапсырмалар жолданған. Осыған дейін Орталық психологтары буллингтің алдын алу және оны реттеу мақсатында 94 профилактикалық іс-шара өткізіп, балалармен, ата-аналармен және педагогтермен мақсатты жұмыс жүргізген болатын. Сонымен қатар, оқушыларға 80 жеке психологиялық консультация көрсетіліп, бұл жұмыстар көптеген жанжалдың ушығуына жол бермей, дер кезінде шешім қабылдауға мүмкіндік берді.
Статистика көрсеткендей, ата-ананың бақылауы мен жауапкершілігінің төмендеуі балаларды түрлі қауіп-қатерге итермелейді. 2025 жыл Орталық мамандары балалардың 319 тұрғын үй-тұрмыстық жағдайын (ТТЖ актісі) тексерді. Сонымен қатар, қала бойынша сәтсіз отбасыларға жататын 404 жанұяның әлеуметтік жағдайы зерделенді. Тексеру нәтижесінде көптеген отбасыларда: балалардың үйде жалғыз қалуы, ата-аналардың ұзақ уақыт үйде болмауы, мекенжайлардың сәйкес келмеуі, ата-аналық міндеттердің тиісті деңгейде орындалмауы анықталды. Бұл деректер профилактикалық жұмыстың маңызын айқын көрсетеді.
Орталықтың құқықтық тәжірибесінде ата-аналардың алкогольге тәуелділігі салдарынан баланың құқығы бұзылған жағдайлар әлі де тіркелуде. Атап айтсақ 2025 жылы заң бөлімі 45 азаматтық өтінішті қарап, ата-аналық міндеттерін орындамаудың бірнеше фактісін анықтады. Мұндай жағдайларда баланың қауіпсіздігі бірінші орынға қойылып, құқық қорғау органдарына 3 материал жолданды, ал 3 іс сотқа жіберілді.
Қоғамдағы өршіп тұрған дерттің бірі ажырасу болса, соның салдарынан балалар бүгінде психологиялық күйзеліске түсуде. Ажырасқаннан кейінгі ата-аналар екінші отбасылық өмірге аяқ басқанда өгей ата-ананың тарапынан көрсетілетін қысым, немқұрайлық немесе қорлау фактілері тіркелуде. 2025 жылы Орталық психологтары ауыр қылмыстық сипаттағы 3 жағдай бойынша кешенді жұмыс жүргізіп, баланың психологиялық жағдайын бағалап, сүйемелдеу көрсетті.
Сонымен қатар, балалар мен ата-аналар арасындағы қатынасты реттеу мақсатында 178 қарым-қатынас кестесі әзірленді. Бұл – баланың екі ата-анамен де байланысын сақтауға бағытталған маңызды қадам екенін естен шығармауымыз керек. Сондай-ақ бала отбасында қалуы мүмкін болмаған жағдайда, мемлекет тарапынан нақты қорғау шаралары қабылданады. Жыл басынан бері 230 балаға қорғаншылық және қамқоршылық орнатылып және 37 патронаттық тәрбие шарты рәсімделді. Бұл көрсеткіштер Орталықтың баланы қауіпсіз ортаға орналастыру бағытындағы нақты жұмысының нәтижесін көрсетеді.
Балаларға қатысты мәселелерді шешудің ең тиімді жолы – алдын алу шараларды жие өткізіп тұру. Осы мақсатпен Орталық, мектептерде буллингке қарсы тренингтер, ата-аналармен жауапкершілік туралы түсіндіру жұмыстарын, полиция, білім беру, әлеуметтік және медициналық мекемелермен тығыз байланыста жұмыс істейді. Балаға бейжай қарамау, зорлық-зомбылық пен немқұрайлыққа жол бермеу – баршамыздың ортақ борышымыз. Тек бірлескен әрекет арқылы ғана біз балалар үшін қауіпсіз, әділетті және мейірімді қоғам құра аламыз.
Алматы қаласы КММ
«Балалардың құқығын қорғау орталығының» директоры
Аппазов Зафар Бахтиярович

