Qazyr.kz порталы
АймақҚазір

Алматының Бостандық ауданында жаңа емхананың құрылысы аяқталуға жақын

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов Бостандық ауданында тәулігіне 500 адам қабылдауға арналған жаңа емхананың құрылыс барысын тексерді. Аудан тұрғындары үшін медициналық қызметтің қолжетімділігін едәуір арттыруға бағытталған нысан Левитан көшесінде салынып жатыр деп хабарлайды Qazyr.kz

Бүгінгі күні нысандағы төрт блок бойынша монолитті темірбетон және шатыр жұмыстары толық аяқталған. Қабаттарда терезе құрылымдары орнатылып, инженерлік желілер тартылған, әрлеу жұмыстарының соңғы кезеңі жүргізілуде. Қасбетті қаптау және аумақты абаттандыру жұмыстары да қатар атқарылуда.

«Жаңа емхананың құрылысы аяқталуға жақын. Бұл қолданыстағы медициналық мекемелердің жүктемесін азайтып, аудан тұрғындарына заманауи талаптарға сай, жаяу жетуге ыңғайлы медициналық қызмет көрсетуге арналған маңызды нысан. Біз істеліп жатқан жұмыстың сапасына ерекше көңіл бөлеміз. Емхана қазіргі стандарттарға толық сай салынуда, пациенттер мен медицина қызметкерлеріне барынша қолайлы жағдай жасау көзделген. Нысанды осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру қажет», – деді Бейбіт Шаханов.

Жобада пациенттердің санын бөле отырып, түрлі бөлімдер мен қызметтерді қамтитын көпфункционалды медициналық мекеме қарастырылған.

Мысалы, бірінші қабатта сәулелік диагностика бөлімі, хирургиялық және травматологиялық кабинеттер, фтизиатриялық қызмет (ересектер мен балаларға арналған), қабылдау және сүзгі кабинеттері, балаларды амбулаторлық қабылдау, әлеуметтік дәріхана, асхана және күту аймақтары орналасады.

Екінші қабатта әйелдер консультациясы, жастар денсаулығы орталығы, отбасылық денсаулық орталығы, кеңес беру және диагностикалық бөлім, профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімі орналаспақ.

Үшінші қабатта эндоскопия бөлімі, амбулаторлық хирургия орталығы, күндізгі стационар, клиникалық-диагностикалық зертхана, әкімшілік блок, медициналық оңалту және физиотерапия бөлімдері қарастырылған. Жертөле қабатта орталық зарарсыздандыру бөлімі орналасады.

Ұқсас жаңалықтар

Астаналық тұрғын « Бишімбаевтың үкімін жеңілдетіп беремін » деп алдап 100 млн теңгені иемденіп алғаны анықталды

redaktor_qazyr

Отандық өндіріс импорттық тауарларды ішкі нарықтан ығыстыруды бастады

admin_qazyr

Арыстық дәрігерлер Монтайтастық әйелдің қолын күйдіріп алды

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz