Алматыда 30 маусымда қаланың жаңа Бас жоспарына қатысты стратегиялық экологиялық бағалау бойынша қоғамдық тыңдау өтеді, деп жазады Qazyr.kz.
Қала әкімдігі мәліметінше, тыңдауда тек экологиялық мәселелер қаралады. Яғни басты назар жаңа Бас жоспардың қоршаған ортаға, ауа сапасына, табиғи аумақтарға және тұрғындардың өмір сапасына ықпалына аударылады.
Алматының Бас жоспары алғаш рет кешенді экологиялық талдаудан өтті. Стратегиялық экологиялық бағалау қала дамуын жоспарлау кезінде табиғатқа түсетін салмақты алдын ала есептеуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл шешім қабылдау барысында экологиялық факторларды ерте кезеңде ескеруге бағытталған.
Бағалау нәтижесіне сәйкес, Алматының одан әрі дамуы табиғатты қорғау шаралары жүйелі орындалған жағдайда ғана тиімді болады. Сондықтан жаңа Бас жоспарда экологиялық бағыттағы сценарий негізгі ұстанымдардың бірі ретінде қарастырылған.
Құжатта қаланы полицентрлік үлгіде дамыту ұсынылады. Яғни жұмыс орындары, әлеуметтік нысандар, қоғамдық кеңістіктер және көлік желісі бір ғана тарихи орталыққа шоғырланбайды. Олар бірнеше белсенді орталыққа бөлінеді. Мұндай тәсіл орталыққа түсетін жүктемені азайтып, көлік ағынын қысқартуға көмектеседі.
Табиғи аумақтарды қорғау да жеке назарға алынған. Жаңа Бас жоспарда Әл-Фараби даңғылының оңтүстігіндегі тау бөктерінде күрделі құрылысқа толық тыйым салу қарастырылған. Іле-Алатау ұлттық паркінің аумағында да қатаң қорғау режимі сақталады. Онда тұрғын үй және коммерциялық құрылыс жүргізуге жол берілмейді.
Экологиялық мониторингті күшейту де маңызды бағыттың бірі болады. Қалада ауа сапасын бақылайтын стационарлық бекеттер санын 50-ден асыру жоспарланып отыр. Бұл қаладағы экологиялық ахуалды тұрақты бақылауға мүмкіндік береді.
Құжат әзірлеушілерінің пікірінше, тұрақты экологиялық мониторинг пен деректердің ашықтығы Алматының жаңа экологиялық саясатының маңызды бөлігіне айналуы керек. Ашық мәлімет қала дамуына қатысты шешімдердің түсінікті әрі жауапты қабылдануына жол ашады.
Қоғамдық тыңдау алматылықтар үшін қаланың болашақ дамуына қатысты экологиялық мәселелерді талқылайтын маңызды алаң болмақ. Қала тағдыры тек жол, құрылыс және инфрақұрылыммен өлшенбейді. Алматы үшін ауа сапасы, тау бөктерінің қорғалуы, жасыл кеңістік және табиғи тепе-теңдік те шешуші мәнге ие.

