Ертеде Алтай тауын мекендеген атақты құсбегі Тіней деген адам өткен.
Өзіне әуелде жалғыз кері биесінен басқа мал бітпеген кедей адам болыпты.
Міністен құлындамай жүрген сол биесі бір жылы ішті көрініпті. Иесі
жануардын аман-есен құлындатып алайын деп желіні жетіле бастағанда,
жылуатты шөптесін жерге қайырып қарап жүріпті. Бір күні ауа райы аяқ
астынан бұзылып, кері биеден көз жазып қалыпты. Таба алмай дағдарған
иесі таңертең ізімен қуалап келе жатса, биесі қалың тобылғы арасында
құлындап, еркек күрең құлынды емізіп тұрыпты. Қуанышы қойнына сыймаған
Тінекең биесін жетелеп енді қайтайын дей бергенде, бір құстың зәу
теректің басынан пышақтаған дауысы естіліпті. Қараса, бір бүркіт
отырады. Теректің түбіне барып кері биенің шуын берейін деп ағаш басына
іліп көтерсе, бүркіт қималдамапты, тас лақтырса да, қозмалмапты. Анықтап
қараса, қанатына қалың мұз қатып ұша алмағандай көрініпті. Бұл тәңірдің
маған берген киелі құсы болмасын, ала кетіп, күрең құлынмен бірге
мәпелеп бағайын деп, бүркітті ұстап алып, тонына орап, үйіне әкеліп
бағады. Құсты үш жыл ұдайы бағып, күзде қайырып, түлкіге салса, үш жыл
бойы түлкі алмай қойыпты. Құсбегі сонда да қоя беруге қимапты. Күрең
құлынмен бірге бағып, бірге кәртейтейін, түлкі алмаса да, бағып қағайын
деп баға береді.
Бір күні Тінейдің үйіне алыстан жолаушылап келе жатқан ақ сақалды бір
адам келіп қонақ болады. Әңгіме үстінде әлгі адамға бүркіттің жағдайын
баяндаған екен, жолаушы бүркіттің күміс құймалы томағасын тартып,
жемсауын, тегеурінін, сан етін ұстап көріп:
— Сенің бұл құсың Нарынның сары шегірі екен. Мұның алдына құс өтпейді.
Асқан қыран. Бірақ қазір құстың әлі екі түлеуі кем екен. Енді үш
түлетіп, қар бір жауғанда аңға шық, көзіне не көрінсе, соны алар. Қыстай
қынадай қырып алады да, ел жайлауға шыға құсты өз бетіне қоя бер. Күзде
өзі қайтып келеді. Құсың нағыз жау жүректің өзі екен. Бұл түспейтін жан
иесі болмайды. Сақ болмасаң, ашуы қайтпағанда адамға түсер. Құсты
өлгеніңше қолыңнан шығарма. Күрең атты осы құсты алып жүруге мінсең
болады. Бұл сенің шаңырағыңа қонған «бақыт құсы», — дейді екен.
Жолаушының айтуы бойынша Тіней сары шегірдің басына күміс құймалы томаға
кидіріп, үш қайырып, түлкіге салған екен. Көзіне көрінгенін құтқармайды.
Жазда құсын суырдың еті мен бағып семіртіп, түлетіп, күрең атына мініп,
аңға шыққанда қасқыр, түлкі, арқар, құлжа дегендерді қырып салыпты.
Сонымен Тіней тез байып, қорасына қой, өрісіне жылқы салыпты. Келер жылы
ел жайлауға шыққанда, құсын қоя берсе, күзде қайтып келеді екен. Сөйтіп,
Тінейдің сары құсы шаңырағына қонып кеткен үйге ырыздық еніп, дәулет
бітіпті.
Бір күні Тіней құсын қолына қондырып, күрең атына мініп, қағушысын ойға
тастап өзі бір биікке шыққан екен. Сарышегі рі «қоя бер» деп тілепті.
Томағасын тартқан бүркіт лақтырған зақпының тасындай зымырап көкке
шығып, бір уақытта бір қыраттың астына қарай түйіліп оқша жөнеліпті.
Артынан шауып жетсе, Сарышегір бір тайыншадай қасқырдың арланына түскен
екен. Бұрын талай қасқырды алдырып жүрсе де, дәл мынадай жойқын көкжалды
Тіней көрмепті. Сарышегір бір аяғымен таңнан алып, енді бір аяғымен
кеуілжірін ноқталай ұстап, бүктеп астына басқанда, қасқырдың езуінен
түйреп кірген бір тегеурінін қасқыр шайнап жіберген екен. Сонда долы
қасқырды онан ары бүре түсіп, Тінейге де бермей, кеудесін тесіп жіберіп
шыңғырта тартып қасқырдың өкпесін жұлып алады. Сонан соң бүркіт тік
көтеріліп аспанға шығып көрінбей кетеді. Әдетте, иесі келгенде олжасын
тастап, бір шетте отыратын Сарышегірдің мына мінезіне қайран қалған
Тіней, екі көзін аспаннан алмай қарап тұрады. Таңырқайды. Бір заманда
құс зеңгір көктен Тінейдің өзіне тіке қарай зымырайды. Бұрын қапысыз
қыранның аяғын шайнатып алғанына ашуының басылмай келе жатқанын көрген
Тіней әлгі жолаушының «ашуы қайтпаса, адам алар» деген сөзін есіне алып,
қатты қауіптенеді. Зымыраған бүркітке құлақ түріп, көз тіге күрең аты
кісінеп, жер тарпып шиыршық атады. Сонда:
— Әй! әй! Кәрі жолдасым, қыраным, қилы құсым, кәкә! — деп екі қолын
бүркітіне созғанда, қыран сәл тайып барып бір төбеге қонады. Тіней
бүркітін үйіне әкеліп, аяғын емдеп сылап-сипап, ашуын басып, әбден
сауықтырып, арада бірнеше айды өткізіп, арқар алдырайын деп аңға тағы да
шығыпты. Бір төбеге шыққанда бүркіт тіленіп ұшып бір қыратты асып
зымырап кеткен екен. Тіней артынан шауып жотаға шықса, сайдың басынан
аузына дейін алты арқарды, тақыр шаптан бір-бір есіп тастап, біреуінің
тамағынан сығып, басына қонып отырыпты. Қыранына бір кесек қызыл
жұтқызып, томағасын кигізіп отырғызып қойып, өзі арқарларын бауыздап
союға кіріскенде қыран тағы да ұшамын деп тіленіпті. Көкте бір айналып
топшысын жазып, шабыттанып жадырап қайтсын деп томағасын тартып қоя
беріп, өзі арқарларды союға кірісіп кеткен екен. Алты арқарды сою аз
жұмыс па, кеш батып, көз байланыпты, бірақ қыраны қайта оралмапты.
Кейде, Сарышегірдің Тінейден бұрын үйге барып алатын әдеті де болады
екен. Үйге төте тартқан болуы керек деп қайтып келсе, құсы келмепті.
Қайта атына міне шапқан Тіней, бір жотаға шығып, «кә-кәласа» ештеме
көрінбепті. Бір заманда төменгі бір адам баспайтын шатқалдан жарық-жұрық
еткен сағым, будақталған шаң шығыпты. Бүркіті келмегеніне алаң болып,
түнімен көз ілмеген Тіней, ертесі ерте тұрып, әлгі жерге келсе, қалың
бүргенді жапырып, құлдап кеткен ізге жолығады. Ізбен тағы да жүрсе,
анадай да жарқыраған бір үлкен нәрсе жатады. Қараса айдаһар екен.
Сарышегір айдаһарды басынан ұстаған екен. А дегенде оның көзін шоқып
шығарып жіберіпті де, содан дәу айдаһар, дүниені талқан қылып осы жерге
келгенде, төбесін тесіп жібергендіктен миы шашылып, өлген екен, Құстың
тұла бойы жарақаттаныпты. Осыдан соң, Тіней қатты ауырып жатып қалыпты.
Ауруының аужәйін түйген Тіней туыс-туған, көрші-қолаңдарын шақырып алып:
— Бұл аурудан жазылмаспын. Мен өлгеннен кейін Сарышегірімді қоя
беріңдер. Енді оның бабын ешкім білмейді. Өзімді ауылдың батыс жағындағы
жазыққа қойып, айнала қорған жасаңдар, күрең атымды да қоя беріп, жылыма
сойып, ас беріңдер. Күрең ат сойылған күні, Сарышегір де келіп қалар.
Күрең аттың бір жақ қазысын соған беріңдер! — деп өсиет қалдырыпты.
— Айтып айтпай, Тіней қайтыс болыпты. Жыл уағы толғанда, Тінейдің күрең
атын асына сойып жатқанда, Сарышегір аспанда пайда болып, Тінейдің
шаңырағын үш айналып, онан соң Тінейдің бейітіне келіп қонған екен.
«Күрең аттың қазысын өзіміз жемей, алжыған бүркітке береміз бе» деп есер
біреулер аттың жарым өкпесін лақтырып берген екен, Бүркіт өкпені іліп
алып, ауылды бір айналып ұшып, қиян көкке самғап шығып кетіпті, бір
уақытта, ысылдаған дауыс шығып, бүркіт оқтай заулаған беті өзін Тінейдің
бейітіне бір-ақ ұрып, күл-талқан болған екен. Сөйтіп, Тінейдің Сары құсы
өзімен бір қорғанда қалыпты. Міне, осы осы хикмет оқиға ел арасында аңыз
болып таралып, күні бүгінге дейін сыбызғыдан аңырап, домбырадан төгіліп,
«Бүркіт күйі» аталып келеді.
Желіден алынды