Астанада Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Басқару академиясы ресми түрде ашылды. Жаңа оқу орнының ашылу салтанатына Премьер-министр Олжас Бектенов қатысып, құттықтау сөз сөйледі деп хабарлайды Qazyr.kz
Соңғы жылдары құқық қорғау саласында бірқатар ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті құрылып, киберқауіптер мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы мамандандырылған бөлімшелер іске қосылды. Сонымен қатар, цифрлы инфрақұрылым мен талдамалық базаның әлеуеті артуда.
«Академия – құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің жаңа моделіне көшу жолындағы маңызды кезең. Президент ұсынған “Заң және тәртіп” қағидаты аясында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндетіміз», — деді Премьер-министр.
Академия заманауи технологиялармен жабдықталған: цифрлы зертхана, жасанды интеллект негізіндегі жол қауіпсіздігі жүйесі, роботтандырылған техника, «ақылды көзілдірік» және патрульдік көліктерді қашықтан бақылайтын платформа іске қосылған. Бұл оқу орны басқарушылық құзыреттерді дамытуға, жаңа буын көшбасшыларын тәрбиелеуге және халықаралық стандарттарға сай білім беруге бағытталған.
Жыл сайын Академияда 100-ден астам маман кәсіби даярлықтан өтеді. Сонымен қатар, магистратура мен докторантура бағдарламалары да қарастырылған.
Ашылу рәсіміне Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Жоғарғы Сот Кеңесі, халықаралық ұйымдар, ғылыми қауымдастық өкілдері және шетелдік делегациялар қатысты.