Ақтауда Қазақстан мен Әзербайжанның бірлескен «Каспий самалы – 2025» атты әскери-теңіз оқу-жаттығулары салтанатты түрде аяқталды. Бұл шара Қазақстан Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз күштерінің әскери-теңіз базасында өтті деп хабарлайды Qazyr.kz
Жиынға екі елдің әскери-теңіз күштері мен командалық құрам өкілдері қатысты. Жабылу рәсімінде сөз сөйлеген Қазақстан Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары, 1-ші ранг капитаны Қанат Ниязбеков бұл оқу-жаттығулардың сәтті аяқталғанын атап өтті.
– 2015 жылдан бері екі ел арасында тұрақты әрі тиімді ынтымақтастық орнады. «Каспий самалы» бірлескен оқу-жаттығулары – әскери дайындығымыз бен бауырластық қарым-қатынасымыздың дәлелі. Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы достық жыл сайын нығая түсетініне сенімдімін, – деді Қанат Ниязбеков.
Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша үздік әскери теңізшілерге құрмет кубоктары мен марапаттар табысталды. Әскери бөлімшелердің үйлесімді өзара іс-қимылы мен жоғары дайындық деңгейі ерекше атап өтілді.
Айта кетейік, оқу-жаттығулар Қазақстанның Каспий теңізіндегі секторында өтті. Оған шамамен 300 әскери қызметкер қатысты. Қазақстан тарапынан «Орал», «Сарыарқа», «Маңғыстау» атты зымыран-артиллериялық кемелер, жауынгерлік катерлер, гидрографиялық кемелер мен Әуе қорғанысы күштерінің авиациясы жұмылдырылды. Ал Әзербайжан Әскери-теңіз күштері «G-122», «G-124» және «G-129» күзет кемелерімен қатысты.
Маневр барысында теңізшілер бірлескен маневр жасау, іздестіру-құтқару операцияларын үйлестіру, ашық рейдте асимметриялық қауіптерге тойтарыс беру, сондай-ақ әуе және су асты шабуылдарына қарсы іс-қимылдарды пысықтады. Екі елдің кемелері теңіз және әуе нысандарына оқ ату, қалқымалы миналарды жою сынды тапсырмаларды сәтті орындады.
Бұл оқу-жаттығулар Каспий өңіріндегі қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған